Перзенттері далада қалдырған кейуананың миллионға жуық қарызы бар

215

Шымкентте балалары үйінен қуып шыққан ана өз қызымен соттасып жатыр. Баспанасынан айырылған ол бүгінде «Көмек» оңалту орталығына орналасқан.

Жалғыз өзім жеткізген перзенттерім үмітімді ақтамады деген кейуана енді олармен бірге тұрмаймын деп бекініпті. Тек баспанамды қайтарса болғаны дейді ол.

 

Баспанасын сатып, ақшасын балаларына бөліп берген 70 жастағы кейуана бүгінде қызымен соттасып жатыр. Айтуынша бастапқыда үлкен перзенті өз үйіне шақырғанымен, ақшаны қолына алған соң анасын қуып шыққан. Қайда барарын білмеген Саламат Балабаева қайтыс болған қызының үйі бар екені есіне түседі. Сонда барып тұрақтасам деген ниетпен жауапты мекемелердің есігін қағып барған. Алайда…

Саламат Балабаева, зейнеткер:
«Қызымнан квартира қалыпты ғой дедім. Сонда тұра тұрайыншы деп бардым. Сүйтсем олар қол қойып қойғансыз дейді. Қашан қойдым? деп сұрадым. Сәуірдің 19-ы деді. Ал қызым осы айдың 5-не қайтыс болған. Сонда жетісі де өтер-өтпес болып тұр ғой дедім. Сосын олар қол қойып қойғансыз енді тек сот арқылы ғана ала аласыз деді».

Бұл істі жасаған да үлкен қызым дейді Саламат апа. Яғни, кейуананың айтуынша қайтыс болған перзентінің үйін де анасына қол қойдыру арқылы өз атына жаздырып алған. Мұндай қорлыққа шыдамаған Саламат Балабаева сотқа шағым түсіреді.

Саламат Балабаева, зейнеткер:
«Соттан талап еткенде сол бұрышын маған қайтып берсін деп жатырмын. Маған баспана керек. Мен ешкімдікін тартып алайын деп жатқан жоқпын.  Қазірше жеке тұра тұрайыншы. Тыныштық керек. Шаршадым. Балдарымды көтердім. Немерелерімді көтердім. Жұмыс ісдедім. Енде маған положенна шығар кішкене демалуға. Енді қызым осындай істеді ма, көңілім барлық нәрседен қалып тұр «.

Өзге қыздарының нұсқаулығымен 400 000 тг несие алып, адвокат жалдапты. Әрі пәтер жалдау қиындық тудырып, Шымкенттегі Көмек оңалту орталығына келеді. Алайда, осыдан біраз уақыт бұрын бұл жерге де іздеп келген басқа бір қызы анамды емдетемін деп алып кетіпті. Бірақ әжей тағы 500 000 тг несие алуға мәжбүр болған. Бүгінде бар қарызымды құтылсам деген арманмен жүрген ол тек зейнетақысымен күн көріп отыр.

Малика Әбдірашқызы, «Көмек» оңалту орталығының басшысы:
«Қызы арқылы берген. Бірге барған 500 000 ға сізді емдейміз деген. Енді қолында екі мрт-ы бар, қараған қағаздары бар, дәрі-дәрмек алған. Бірақ оның барлығы 500 000 тг болады деп ойламаймын. Апа кешке жақын жатқан кезде, азанда тұрған кезде жылап тұрады. Мыңда бір рақмет Аллама, бүгін өмірді сүргеніме, қарызымнан құтқарғанша мені бұл дүниеден ала көрме деген әңгіме айтады».

Бүгінде істің мән-жайы белгілі, бірақ әлі шешім шықпаған. Орталық заңгерінің айтуынша Саламат Балабаеваның адвокаты ештеңе шеше алмай жатқан көрінеді. Біз тегін көмек беруге дайынбыз деген оңалту орталығындағылар қолымызда заңды түрде мүмкіндік болмай тұр дейді. Олардың айтуынша, соттасып жатқан қызы бір емес үш адвокат жалдаған көрінеді.

Данияр Жиенбаев, «Көмек» оңалту орталығының заңгері:
«Біз адвокатына звондап сұрайтын кезде, әртүрлі адам ойына сыймайтын жағдайларды айтады. Судья кетіп қалды дейді. Больнычныйға шығып кетті дейді. Сіздердің қатыстарыңыз жоқ дейді. Егер біз келіп айт десеңіз айтпайды. Істі қарап жатқан судья Мурсалиев. Біз қайда звондамасақта, қайда бармасақ та бұл іс бойынша адвокат бар заңды. Тек содан мәлімет аласыздар дейді, болды. Біз  кіре алмаймыз. Осы апта күтеміз болмаса адвокаттан отказ беріп, өзіміз кірісеміз «.

5 баласын жалғыз өзі асыраған ана бүгінде көмекке мұқтаж. Өз перзенттеріне сыймай, бүгінде орталықта өмір сүріп жатқан оның млн-ға жуық қарызы бар. Ұл-қызының қызығын көрер тұста далада қалған қарт анаға көмек қолын сазамын деушілер төменде көрсетілген нөмірге хабарласа алады.

Реквизит: +7 775 465 43 18 Малике Ж. (орталық басшысы)
«Саламат апаға» деп жазу керек.

                                                                                                 Мөлдір Ибадуллаева