«Қазақстан әлемдік азық-түлік орталығы болуы тиіс»

205

Болашақта экспортты арттырып, импортқа тәуелділікті жою керек. ҚР Премьер министрінің төрағалығымен өткен үкімет отырысында осы мәселе талқыланды. Сондай-ақ, жиында елдегі эпиджағдай да қаралды. Сала жауаптыларының айтуынша дерт жұқтыру деректерінің көрсеткіші төмендеген.

Қазақстан әлемдік азық-түлік орталығы болуы керек. Осылай деген Премьер министр елде ішкі нарық қамтамасыз етілгеннен кейін экспорт көлемін ұлғайту маңызды екенін атап өтті. Әрі үкімет басшысы болашақта импортқа тәуелділікті жою үшін ауыл шаруашылығын дамыту қажет дейді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер министрі: «Өндірісті кластерлік дамытуды, шағын өндірушілер мен өңдеушілерді ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіруді ынталандыру арқылы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту керек. Бұл жобаларды іске асыру, ең алдымен, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы, 2023 жылдың соңына дейін барлық негізгі азық-түлік өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті шектеу қажет».

Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидахуал туралы баяндады. Айтуынша, бүгінде аурушаңдық көрсеткіші едәуір төмендеген. Қазіргі таңда инфекциялық ауруханадағы орындардың 23%-ы, ал реанимацияның 20%-ында науқастар ем қабылдауда. Дегенмен, бетперде режимін, әлеуметтік ара қашықтықты сақтауды жалғастырып, вакциналау және ревакциналау қарқынын күшейту қажет», дейді, министр.

Алекцей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Әлемде КВИ-дің 270 млн. астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 400 мыңнан астам жағдай тіркеледі. 5 млн. астам адам қайтыс болды. Ал Қазақстанда соңғы екі аптада сырқаттанушылық 31%-ға төмендеді. Репродуктивті сан – 0,89 және тамыз айымен салыстырғанда 1,2 есе төмендегені байқалады. Жалпы, КВИ ауруы бойынша оптимистік сценарий жүзеге асып жатыр».

Айта кетейік, Қазақстан халқының 43,8%-і вакцинаның екі дозасын салғызып үлгерді, ал 136 мың адам ревакцинация жасатты. Сондай-ақ, бүгінде «сары» аймақта алты өңір, «жасыл» белдеуде 11 аймақ тұр. Ал, «Қызыл» аймақта бірде-бір өңір жоқ.

                                                                                              Мөлдір Ибадуллаева