Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай Түркістан облысы, Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Бортөбе» атшабарында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті.
Қазақтың ат үстіндегі ұлттық ойындарына Түркістан облысының түкпір-түкпірінен шабандоздар қатысты. Тұғырлы тәуелсіздігімізді ұлықтап, ұлттық өнерімізді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сайыста шабандоздар мен палуандар аударыспақ, бәйге, көкпар спорт түрлерінен бақ сынасты.
Додада Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық ойындарда қазақтың рухы, тарихы жатқанын айтты.
— Тәуелсіздік — ұлтымыздың ең басты құндылығы. Отыз жыл ішінде мемлекетіміз үлкен жетістіктерге жетті, абыройы асқақтап, экономикасы да дамыды. Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан іс-шараның маңызы зор. Өмірі ат үстінде өткен қазақ халқы үшін көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату сияқты ұлттық ойындар жай ғана спорт түрі емес, халықтың тұрмыс-тіршілігінің, мәдениеті мен тарихының айғағы. Бүгінгі сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! — деп тілек білдірді аудан әкімі.
Сондай-ақ қоғамдықкеңес төрағасы Абсамат Мәткәрімұлы да жарыстың ұйымдастырылуына белсене атсалысып, құттықтау сөз сөйлеп, шабандоздардың рухын оятты.
Желдей жүйрік 14 тұлпар бәйгеге түскенде көрермендер де қиқулап, тақымын қысып отырды. Мәреге оқ бойы озық келген сәйгүліктің бәйге баласы Шыныбеков Нұрлан І орынды қанжығасына байлап, Пернебай Таланттың тақымдаған тұлпары екінші болып келіп, жүлделі ІІ орынды иеленді. Ал Әзиханов Үмітжанға ІІІ орын бұйырды.
Білек күші мен қажырлық, ептілік пен шеберлік сынға түсетін ат үстіндегі аударыспақта Мұстафа Қазбек жүлделі ІІІ орын, Күмісбек Жақсылық ІІ орын, Қожабеков Әріпхан І орынды иеленді.
Қос сайыс жеңімпаздарының марапаттары мен қаржылай сыйақысын Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков табыстады.
Көрермендердің көңілінен шыққан жаппай көкпарға Қызылорда, Жамбыл Түркістан облысының және Сауран ауданының білекті жігіттері қатысты. Көкпардың әр салымына 50 мың теңге және 9 қошқар мен ірі қара, түйе тігілді.
Сондай-ақ шара соңында бір топ азаматқа Сауран ауданы әкімінің «Құрмет грамотасы» мен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі табысталды.