Шымкенттегі орталық саябақта қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің композициялық мүсінінің ашылу салтанаты өтті. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында қала орталығында бой көтерген композициялық мүсіннің ашылуына қала әкімі Мұрат Әйтенов, қоғам қайраткерінің қызы Жұлдыз Өзбекәлі және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қала басшысы «Ашылып отырған бұл ескерткіш — бүгінгі ұрпақтың ұлт азаматына көрсеткен зор құрметі» екенін жеткізді.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Халқымыздың төл дүниетанымы, ұлттық салт-дәстүрдің терең білгірі, еліміздің мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ірі мемлекет қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков ел тарихында ойып тұрып орын алған еңбегі ерен бірегей тұлға. Баршаңызды мәдени кеңістігіміз бен осынау мәнді оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!».
Орталық саябақта орнатылған сәулетті мүсін Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдық мерейтойына арналып отыр. Сонымен қатар, шара барысында ғалымның өмірінен сыр шертетін деректі фильмнің тұсауы кесілді. Фильмде қоғам қайраткерінің болмыс-бітімі, өмірлік позициясы, ізденістері мен еңбегі сараланған.
Гүлдана Дәурен