«Әзірет Сұлтан» қорық-музейі ұжымы Өзбекәлі Жәнібеков рухына тағзым етті

594

 Наурыз мерекесін қайта жаңғыртып, Тайқазанның Түркістанға оралуы жөнінде еңбегі орасан ел тұлғасы Өзбекәлі Жәнібековтің өмірден өткен күні. Осы орайда, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы бастаған музей ұжымы  Отырар ауданына барып, Арыстанбаб және  кесене аумағында жерленген Өзбекәлі Жәнібековтің рухына тағзым етіп,  құран бағыштады.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музей етіп құруда, қазақ мәдениеті, салт-дәстүрі мен музей саласын дамытуда өзіндік қолтаңбасын қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің   кесенедегі Тайқазанның Санкт-Петербургтің Эрмитаж музейіндегі көрмеден елге оралғанша қаншама тар жол тайғақ кешуді бастан  өткергені белгілі.

-«Түркі жұрты бас иген Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыз және игі жақсылар мәңгілік ұйқыға кеткен кеткен қасиетті де тарихи жердің мұраларын сақтап қалуда  Өзбекәлі Жәнібековтің де қосқан үлесі мол. Тайқазанның елге оралу тарихынан да ел хабардар. Тайқазан – Түркістанның символына айналған ең құнды жәдігеріміз. Бүгінгі таңда,  «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қорында Жәнібеков есімімен байланысты көптеген жәдігерлер бар. Музей қызметкерлері ел тұлғасын құрмет тұтып, қашан да әруағына бас иеміз»,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры  Нұрболат Қадырұлы.

Өзбекәлі Жәнібеков 1978 жылдан бастап қорық-мұражай қорына өткізген Қабіржапқыш, Қоңырат кілем, Шұғыла кілем, бөлме жиһазы, кесене тарихы мен осы өңірдің тұрмыс-тіршілігіне, жағрафиясына қабысатын тағы да басқа жәдігерлерді Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражайынан алдырып, қорық-мұражай қорына табыстаған. Көз майын сарқып «Алтынай», «Адырна» фольклорлық ансамбль қызметкерлеріне ұлттық нақышта тіктірген көйлегі, немересі Әзелге Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай тіктірген қазақы көйлегі (1989 жыл), сондай-ақ  тұтынған заттары жинақталып, кесене ішіндегі Өзбекәлі Жәнібеков бөлмесіне қойылған.

Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы 28 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Сарықамыс ауылында қарапайым жанұяда дүниеге келіп, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы нәтижесінде жоғары білім алған. Еңбек жолындағы қызметін шәкірт тәрбиелеуден бастап, бойындағы тума талантының арқасында саяси қызметте аудандық комсомол комитетінен Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің Хатшысына дейінгі қызметті атқарған. Ө.Жәнібековтің өмір жолына қарап отырсаңыз қызмет бабымен Қазақстанның қай өңіріне барса да ел басқарудағы ерекше қасиеттері халқымыздың қазынасы-ұлттық өнер, салт-дәстүрді дәріптеудегі өнегелі істері ұшан теңіз. Сондықтан да халқымыздың біртуар ұлы Ө.Жәнібековті туған жері, тек оңтүстік өңірі ғана емес барша қазақ мақтан тұта бермек.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі