Шымкентте жол ережесін бұзушылар саны 3 есеге артқан

70

Шымкентте бейнебақылау камераларының саны артқаннан бері жол ережесін бұзу фактілері көбейген. Орнатылған 1600-дан астам камера арқасында құқық бұзушылықтың көрсеткіші бұрынғыға қарағанда 3 есе артқан. Осы жайтты ескерген қалалық полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов жүргізушілерді жол қозғалысы ережесін сақтауға шақырды.

Бейнебақылау камералары қаланың кез келген бұрышына орнатылғалы, жол ережесіне бағынбайтындардың қарасы көп екені анықталуда. Алдындары тәулігіне мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың дерегі тіркелсе, бүгінде бұл көрсеткіш бірден үш есеге ұлғайып отыр.

Бұл жайтқа бейжай қарай алмаған қалалық полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов автокөлік тізгіндеген жүргізушілерге барынша жол ережесін сақтап, заңға бағыну керек екендігін ескертеді.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қаласы ПД бастығы: «Жол ережесін бұзған автокөліктерді автоматтты түрде тіркейтін 100 көше қиылысында 877 бейнебақылау және көше желілерінде 800 бейнебақылау жүйелері яғни, жалпы 1677 бейнебақылау жұмыс жасап жатыр. Осыған дейін 479 бейнебақылау арқылы тәулікте мыңға дейін құқық бұзушылық анықталса, 1500 камера арқылы 2500-3000-ға дейін артып кетті».

Ералы Жұмаханбетов бейнебақылау тек жол ережесін бұзған автокөлікті ғана емес, жаяу жүргіншілерді де назарға алатынын айтады. Сөзінше, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамға жақын маңдағы тірек пунктіндегі полиция қызметкері келіп, хаттама толтырады екен.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қаласы ПД бастығы:» Кәмелетке толмаған жастарға қарайтын инспекторымызды, патрульдік полиция қызметкерлерін, одан кейін мынау Ұлттық Ұлан бәрін тірек пунктке бөліп тастадық. Ол не үшін? Ол сол жердегі халыққа уақытында, мезгілінде қызмет көрсету үшін. Халық бұрынғыдай басқармаға жүгірмеуі керек. Сол жерде опорный пунктке баруы керек. Егер жаяу жүргінші бұзса, сол жерде айтады рациямен, біздің жақын жерде экипаж болсын, уч. инспекторы болсын келеді да, хаттамасын толтырады».

Департамент бастығы камералар санының артуының жақсы жағын да атап өтті. Айтуынша, қаладағы көлік қозғалысы кезіндегі кептелістер азайған. Сондай-ақ, жүргізушілердің бұрынғыдай жылдамдықты асырып жүйткімейтін болғандықтан жол көлік оқиғаларының көрсеткіші де төмендеген.

Әлихан Файзханов