2022 жылға арналған зейнетақы жинағының жеткілікті шегі өзгермейді. Қазақстанда бүгінгі таңда 400 мыңнан астам адам жинақтарын баспана алуға жұмсаған. Келер жылы 180 мың адам жинаған ақшаларының бір бөлігін тұрғын үйге немесе емделуге жұмсай алады.
Біріңғай Жинақтаушы Зейнетақы Қорының ағымдағы жылдың 1 қарашасына берген мәліметі бойынша, салымшылардың шотында 13.2 трлн теңгеден астам зейнетақы жинақтары бар болған.
Зейнет жасына жеткен Әлия Тастанова бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына шотындағы жиналған соманың мөлшерін білуге келіпті. Ол ұзын сонар кезекте тұрмай бір сәтте маманның қабылдауында болып тиісті деректерге қол жеткізді.
Бүгінде бейнетінің зейнетін көрер жасқа келген Әлия Тастанова қалалық жедел медициналық көмек көрсету стансасында еңбек еткен. Әсіресе пандемия кезінде науқастанған жерлестеріне әріптестерімен бірге алғашқы медициналық көмек көрсеткені көз алдында.
«Бүгін туған күнім пенсияға шықтым. Бейнетімнің зейнетін көрем. Жедел жәрдем стансасында жұмыс істедім . Ұжымыма, бас дәрігер Гүлнар Құрманбековаға алғысым шексіз. Оңай жұмыс емес әрине. Алайда еңбегімізді еледі. Рахмет. Енді міне қордағы жиналған ақшамды жұмсау жағын отбасымда ақылдасып шешеміз»‘ дейді Әлия Тастанова.
Жыл басынан бері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларына шамамен 2,2 трлн төленіпті. Оның басым бөлігін біржолғы зейнетақы төлемдері құрады. Көлемі 2,0 трлн теңге. Одан кейін жасы бойынша төлемдер, сақтандыру ұйымдарына аударымдар жасалып, мұрагерлік , өзге елге қоныс аударуға байланысты және мүгедектік бойынша төлемдер аударылған.
Әбдімұрат Исабеков, БЖЗҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы басшысының орынбасары:» Айта кетейік, 2022 жылдан бастап зейнетақының жеткілікті шегі өзгереді. Нақтырақ айтқанда, шектік меже екі есеге жоғарылайды. Мысалы, егер биыл 35 жастағы азаматтар үшін шекті көрсеткіш 2 940 000 теңге болса, келесі жылдан бастап ол 5 060 000 теңгеге дейін өседі. Ал зейнетақы жинағының бұл межеден асатын бөлігін, тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге жұмсауға болады».
Шынар Оразова