300 мыңнан астам халқы бар Еңбекші ауданы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын толағай жетістіктермен қарсы алуда. Айтулы дата қарсаңында әкімдік, ауданның дамуына үлес қосқан сала үздіктеріне құрмет көрсетіп, арнайы сыйлықтармен марапаттады.
Марапатталған үздіктердің арасында коммуналдық саланың қызметкерлері, халықты су, жылу, электр жарығымен қамтамасыз ететін мекемелердің мамандары бар. Ауданның көркеюіне, тазалығы бағытында аянбай еңбек еткен Рыскүл Төлебекова «Үздік аула сыпырушысы» номинациясында жеңімпаз атанды. 5 баланың анасы еңбегімнің еленіп, осындай құрмет көрсеткен баршаңызға алғысым шексіз деп жерлестеріне құттықтауын жеткізді: «Мейрам құтты болсын Әр отбасына амандық тілеймін. Ел тыныш халқымыз аман болсын Қуанышымыз көп болсын».
Еңбекші ауданы әкімдігі жылдың қорытындысы бойынша әр саладағы үздік қызметкерге құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Салтанатты жиында сот, прокуратура, ішкі істер органдарында мінсіз қызмет еткендерден бастап білім саласында жоғары көрсеткіштерге жеткен оқытушылар мен тәрбиеші де ерекше құрметке бөленді.
Аурика Чалабаева, Еңбекші ауданының 2021 жылдағы ең үздік оқытушысы: «Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде біздің еңбегімізді елеп, осындай құрмет көрсетіп жатқандарына үлкен рахмет. Өткен жыл барлығымыз үшін оңай болмады. Алайда жұмыла көтерген жүк жеңіл деген халықтың дана сөзі бар емес пе. Біз ол қиындықтарды да бірге еңсердік. Мұндай марапаттар ынталандырады, күш, жігер береді. Тәуелсіз елімізде білімді, жан-жақты дамыған азаматтарымыз көп болсын».
Азаматтық ұстанымы биік белсенді азаматтардың арқасында аудан өркендеп дамып келеді. 30 жылда жеткен жетістіктеріміз Тәуелсіздіктің арқасында дейді аудан басшысы.
Досбол Есілбек, Еңбекші ауданының әкімі: «Аудан жылдан жылға көріктеніп келеді. Тәуелсіздік жылдары Ұлағат, Елтай, Шапағат, Қарабастаудағы жаңақұрылыс сияқты жаңадан елдімекендер пайда болды. Қазіргі таңда оларды инфрақұрылыммен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мүмкіндікті пайдаланып, аудан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап әр отбасына табыс амандық тілеймін, Қазақстан мәңгілік ел болсын!».
Шынар Оразова