Шымкент қаласы Полиция департаментіне бірнеше шетел автокөлігін заңсыз айдап кетті деген күдікпен жеткізілген Нұрболат Жұмабаев қайтыс болды.
Департамент мамандары оның жауап алу кезінде өзін нашар сезініп, кейін есінен танып қалғанын айтады. Ал марқұмның әкесі дені сап-сау баланы ауырып қайтыс болды дегенге сенбеймін дейді.
8 қараша күні көлік ұрлығына қатысы бар деген күдікпен қалалық полиция департментіне жеткізілген Нұрболат Жұмабаев департмент ғимараты қабырғасында қайтыс болды. Полицияның мәліметі бойынша 31 жасар азамат, жауап алу барысында бірден өзін нашар сезініп, жедел жәрдем көлігі келгенше есінен танып қалған.
Суыт хабарды естіген әкесі мен оның адвокаты таңертең полиция департаментінің алдына келді. Ерғара Жұмабаев бұған дейін ұлының денсаулығында ешқандай кінәрат болмағанын, тіпті оның спортпен тұрақты түрде шұғылданғанын айтты.
Ерғара Жұмабаев, марқұмның әкесі:
«Кеше баламмен видеозвонокпен сөйлесіп тұрған кезде, оны келіп милициялар ұстап әкетті. Көрініп тұр да, сөйлесе алмай қалдық ары қарай, 3-4 минут қана сөйлестік. Сосын сондай жағдай болып жатқаннан кейін мен іле звондадым жігіттерге, баламды ұстап әкетті барыңдар деп. 2-3 сағаттан кейін «қайтты» деп. 12-ден 3 кеткенде мен сөйлестім баламмен сағат 3 жарым 4 кезде балам қайтты деп естіп жатырмын. Балам спортсмен бала, денсаулығы мықты, еш жері ауырмайды, ол больницаға жатпаған ешқашан».
Әкесінің айтуынша Нұрболат, Қостанайдан Шымкентке сүйген қызына үйлену ниетімен келген екен.
Ерғара Жұмабаев, марқұмның әкесі:
«Баламның пилорамасы бар неде, мында жүріп жүрген қызы бар, үйленем деп келген да осында, 17-сіне уақыт белгілеп қойғанбыз беташарға. Соған келіп, сөйлесіп жүрген қызын әкетуге келген, осындай жағдай болды. Менің көзімше, мен естідім наручник салыңдар дегенін, көшеде бір магазиннің алдында».
Департамент бастығының айтуынша, бейнебақылау камерасы тек дәлізде орнатылған. Ал оқиға орын алған тергеу бөлмесінде жоқ. Қазір аталған факті бойынша іс, ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментіне және қалалық прокуратураға тапсырылған көрінеді.
Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы:
«Тергеуші бәрі қатысқан, оған дейін алдында ұстау кезінде өздеріңізге белгілі аудиозапись бәрі бар. Ол жерде автокөлік бәрі болған, ол қаланың ішінде ұсталған. Сол жерде алғашқы тексеру амалдары, бәрін тергеу амалдары жүргізілген. Ол жерде айғақты заттар алынған. Департаменттің ішінде 2 сағаттай болған».
Ал Нұрболатпен бірге «қамауға алынған» жолдасы Сергей Петров, жағдайдың мүлдем басқаша болғанын айтады.
Сергей Петров, жәбірленуші:
«Полиция қызметкерлері бізді ешқандай құжат көрсетпей, себебін де айтпай ұстап алып кетті. Департаментке келгеннен кейін досымды ұрғанын да көрдім. Менің басыма кигізген сырт киім түсіп кеткен кезде, досымды басқа кабинетке кіргізіп жатқанын байқап қалдым. Мен олардың түрлерін де көрдім. Басымнан ұрды, содан кейін жерге жатқызып тепті. Бізге бір затты ұрладыңдар, енді соны растау үшін қол қою керек деп сес көрсетті. Олар тіпті маған досымның қайтыс болғанын да айтқан жоқ. Маған қоңырау шалуға да, қорғаушы жалдауға да мүмкіндік бермеді. Бізді күндізгі 12-де кафеде тамақтануға барған жерімізден ұстап алып кетті, сөйтіп түнгі 12-ге дейін ұстады. Маған медициналық көмек те көрсеткен жоқ. Тексерілгенде маған миың шайқалған деген диагноз қойды».
Полиция департаментінен шыққан марқұмның әкесі мәйітханаға ұлымның денесін көруге барып, жағамды ұстадым дейді. Оның сөзінше, баланың денесінің сау-тамтығы қалмаған.
Ерғара Жұмабев, марқұмның әкесі:
«Баламаның денесінде сау жер жоқ. Маңдайы, екі құлағы, мына еріндерінің іштері жыртылған, асты да үсті де мойны қарайып кеткен. Екі аяғының ортасы шабы, сосын қолдары, денесінде темірмен ұрған секілді қанталап, терісі жұлынған. Түсіруге бермеді видеоға, қарап отсаң дұрыс емес секілді да бәрі. Мәйітті алып кетеміз Қостанайға».
Ал жәбірленушінің қорғаушысы азаматтар күдікке ілінген күннің өзінде, оларға құжат көрсетіліп, қандай себеппен айыпталып отырғанын айту керек дейді.
Талғат Есимов, қорғаушы, Шымкент қалалық адвокаттар алқасының мүшесі:
«Маңдайында, аяғында көгерген соққы іздері бар. Кішкене болса да, қысым көрсету әрекеті расталса, адамның жүрегі шыдамауы мүмкін. Полиция қызметкерлерінің жүрегі тоқтап қалды деген сөзіне мен сенбеймін. Жап-жас, дені сау азаматтарды ұстап әкетіп, жүрегі тоқтап қалды деу ақылға қонымсыз. Егер олар шынымен күдікті болса, құжатын көрсетіп, не себепті ұсталғанын айтуы керек еді. Бұлар ұйымдасқан қылмыстық топ емес қой, олай алып кететіндей. Оның үстіне 12 сағат бойы тергеуде болған».
Кеше ғана баласы келін әкеледі деп тойға дайындалып отырған әке, бүгін Қостанайға перзентінің мәйітін әкетіп барады. Бір ақ күнде атпалдай азаматынан айрылып қалған ол, енді ұлының өліміне қатысты шындық ашылмай қалады ма деп уайымдап отыр. Сондықтан марқұм Нұрболат Жұмабаевтың отбасы, сот-медициналық сараптаманың шешімін күтеміз, егер ол дұрыс шықпаса тәуелсіз экспертиза жасатамыз деп отыр.
Гүлдана Дәурен