Төтенше жағдайлар министрі: «Әскерилер жарылыс кезінде жалған ақпарат берген»

122

Жамбылдағы жарылысқа кім кінәлі? Ішкі істер министрлігі бұл оқиғаға қатысты әлі де тергеу амалдарын жүргізуде. Ал ҚР Төтенше жағдайлар министрІ Үкімет сағатында әскерилердің өрт сөндірушілерге жалған ақпарат бергенін мәлімдеді. Осылайша олар бар жауапкершілікті Қорғаныс министрлігіне жүктеп отыр.

Төтенше жағдайлар министрі Жамбылдағы жарылыстың жауапкершілігін Қорғаныс министрлігіне сілтеді. Себебі, оқиға орнына жеткен құтқарушыларға әскерилер шындыққа жанаспайтын ақпарат берген. Яғни, қоймада жарылмайтын тротил ғана бар екенін айтқан көрінеді.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі: «Өрт сөндіру пунктіне шықпас бұрын, ең алдымен, барлау жұмыстары жүргізіледі. Яғни, нысан басшылығынан жарылыс қаупі бар-жоғы сұралады. Ол кезде мекеме басшылығы мен Қорғаныс министрлігі бұл нысан ішінде тротил ғана бар екенін айтқан. Ол жоғары температурада жай ғана жанып кетеді және жарылмайды. Және ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп айтқан».

ҚР Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, керек мәліметті алған өрт сөндіру қызметінің Жамбыл облыстық горнизоны көрші тұрған қоймаларға су шашуға кіріскен. Салдарынан жойқын жарылыс орын алған. Ал қазіргі таңда бұл оқыс жағдайға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Апаттың себебін анықтауға төтеншеліктер де көмектесіп жатыр екен.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі: «Бірақ тергеушілер қоймадағы тротилдің детонациясын анықтады. Содан жарылыс болған. Енді кінәлі адамдарды сот анықтайды. Ішкі істер министрлігі тергеу жүргізіп жатыр. Біздің қызметкерлеріміз де жарылыстың себебін анықтауға көмектесіп жүр».

Еске сала кетейік, 26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінде өрт басталып, артынша оқ-дәрі жарылған еді. Оқиға салдарынан 17 адам қаза тапқан. Оның 10-ы – құтқарушылар екен. Ал із-түзсіз жоғалып кеткен азамат қорғаныс министрлігінің қызметкері.

                                                                                               Мөлдір Ибадуллаева