Жарылыс кезінде снарядтар өрт сөндірушілерді бір жарым метр биіктікке  ұшырып әкеткен. Жақындарына осылай деп  Жамбылдағы жарылыс жайын баяндап берген Жәнібек Тұрманов командирі екеуі басқаларына көмектесуге тырысқанын айтқан. Алайда, бірінші жарылыстан кейін есін жиған азамат араға бір апта салып, қаза болған.

Айзада Биназарова Байзақ ауданында болған жарылыстан қаза болған Жәнібек Тұрмановтың анасы. Бала кезден батыр болғысы келген баласы өскен соң, өрт сөндіруші маман иегері болған. Өкініштісі, қоймадан шыққан өртті өшіруге барған ұлы жансақтау бөлімінде жан тапсырған.

Айзада Биназарова, Жәнібек Тұрмановтың анасы: «Талап күшті. Жұмыс қой енді. Әскери болғаннан кейін олардың жұмысы ауыр ғой енді. Мына жақта үйді жалдап тұрады. Өзінің үйі жоқ».

Марқұм Жәнібек Тұрмановтың денесінің 55 % пайызын күйік шалған. Дәрігерлер сержантты бір айдан соң үйіне шығаратындығын айтқанымен кейін оны Нұр-Сұлтан қаласына әкеткен. Алғашында оңалып келе жатыр деген жақсы хабарды естіген жақындарына, Жәнбекпен қайта жүздесу бұйырмады. Төтенше жағдай қызметкерімен соңғы рет туған ағасы кездесіп, апат жайын оның өзінен естіген.

Нұрсұлтан Исмаилов, Жәнібек Тұрмановтың ағасы: «Інім маған соғыс көргендей болдым деді. Бірінші жарылыстан кейін есін біліп жатыпты. Сосын адамдардың астынан снарядтар атылып, одан бір жарым метрге дейін үшып кеткенін көрген. Қасындағы командирі екеуі есін жиып басқаларына көмектесуге тырысыпты. Сол кезде екінші жарылыс болып, есінен танған».

Ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушіге үшінші дәрежелі «Айбын ордені табысталды. Төтенше жағдай министрі мемлекет басшысының көңіл айту хатын оқып, сержанттың отбасына 20 млн. теңгеге жуық қаржы беру қарастырылғанын жеткізді.

Юрий Ильин, Төтенше жағдай министрі: «Біздің айтқан жұбату сөзіміз сіздердің балаңыздың, бауырыңыз бен жарыңыздың орнын баса алмасы анық. Дегенмен, ол біздің жүрегімізде мәңгі қалады. Қазір мемлекет тарапынан материалдық көмек көрсетілуде. Артында қалған отбасына да алдағы 5 жыл бойы көмектесеміз».

11 қыркүйек күні қаза болған сержант Жәнібек Тұрмановтың артында жары, екі жасар ұлы мен 3 айлық қызы қалды. Айта кетейік, жарылыс кезінде бақилық болған әскерилер құрметіне Тараз қаласынан арнайы гүлзар ашылып, олардың есімі тақталарға жазылады.

Гүлдана Дәурен