Шымкент қаласындағы бүлік кезінде 13 кәсіпкерлік нысанға залал келген. Ал шығын көлемі 100 млн-ға жуық. Бұл туралы Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы мәлімдеді. Зардап шеккен нысандар қатарында құрылыс заттарын сататын, кондитерлік өнімдер және азық-түлік дүкендері бар.
Елімізде болған жаппай тәртіпсіздік салдарынан Шымкент қаласы бойынша 13 кәсіпкерлік нысан зардап шеккен. Олардың ішінде сауда орындары, ломбард ғимараты, кондитерлік және азық-түлік дүкендері бар. Нысандардың көп бөлігінің есік-терезесі сынған, мүліктер тоналған және кейбіріне өрт қойылған.
Нұрлан Қабыштаев, «Атамекен» ҰКП Шымкент қалалық филиалының директоры: «Жалпы Шымкент қаласында қазіргі таңда 13 бизнес субъектінің нысандары және мүліктері зардап шеккен. Шамамен қазір 100 млн-ға жуық сома анықталып жатыр. Бірақ интернет болмағандықтан нақты соманы әлі нақтылай алмай жатырмыз. «Метро» гипермаркеті тоналған, оның ішінде 3 субъектінің мүлігіне зардап келтірілген. Онымен қоса, құрылыс компанияларының мүліктері, транспорттық компанияның автобустары өртеніп, тоналып, ұрланған».
Қалада орын алған бүлік кезінде Мерген Тапиевтің кәсібіне де залал келтірілген. Бұзақы топ түнгі 2:00 шамасында пиццерияға кіріп, кассадағы қаражатты ұрлап, бірнеше техниканы қолды еткен. Сонымен қатар, ғимаратты тонауға келген 30-ға жуық азамат оқиға орнынан кетпес бұрын сонда бар тағамдар мен сусындарды алып, үстелге жайғасып тамақтаныпты.
Мерген Тапиев, кәсіпкер: «Сол 5-6 қаңтар күні «Нұрсәт» шағынауданындағы пиццериямыздың сыртындағы витражды сындырып, ішке кірген, тонаған. 10 планшет, 2 компьютерді ұрлаған. Сол күнге түскен қаражаттарды сейфпен ұрлаған. Тағы да сусындар, жұмысқа керек құралдарды тонаған. Техника келтірілген шығын 2,5 млн-нан асты».
Сондай-ақ, бұзақылар «BI-Group» құрылыс компаниясының да ғимаратына шабуыл жасаған. Терезелерін сындырып, ішіндегі жиһаздарға өрт қойған. Абырой болғанда, ғимаратта ешкім болмаған екен.
Ержан Жәрдемов, кәсіпкер: Бұл ғимарат 5-і түннен басталды. Барлық бірінші қабаттағы витраждар сынды және ішінде тұрған мебельге өрт қойды. Біз есептедік, 5 млн-ға дейін шығын келтірілді».
«Атамекен» ҰКП директоры төтенше жағдай уақытында 100-ге жуық кәсіпкердің хабарласқанын айтады. Оларды мазалаған сұрақтардың басым бөлігі бизнес нысандарының жұмыс уақыты мен олардың қорғалу мәселесі. Сонымен қатар, хабарласқан кәсіпкерлердің арасында өз көмегін ұсынғандар да болған көрінеді.
Нұрлан Қабыштаев, «Атамекен» ҰКП Шымкент қалалық филиалының директоры: «Бірінші кезеңде, мынау екінші күні Алматының жағдайын көре отыра көптеген бизнес нысандары мородерлық іс-әрекеттерінен қорықты. Сол жағдай қалай жұмыс істеу керек, оларды кім қорғайды деген уайыммен хабарласқан. Екінші, өздерінің көмегін ұсынған кәсіпкерлер болды. Әскери бөлімшелерге тамақпен, халық сақшылары болып».
Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, шығындарын есептеу барысында республикалық деңгейде комиссия құрылады. Сол арқылы зардап шеккен кәсіпкерлер анықталып, оларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетіні айтылатын болады.
Гүлдана Дәурен