Ashyq қосымшасына 4748 кәсіпкерлік нысаны қосылған

126

Үшінші мегаполисте эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. Коронавируспен аурушаңдық 7,5 есеге өскен. Десек те, халықты вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүруде. Жауаптылар індет жұқтырудың күрт өсуін вирустың жаңа штамымен байланыстырады. Сонымен қатар, карантин талаптарын орындамаушылардың да үлесі бар.

Шымкентте эпидахуал әлі де өршіп тұр. Қалада қауіпті індетпен аурушаңдық 7,5 есеге өскен. Үкімет отырысында баяндаған шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің айтуынша, қалада коронавирус инфекциясының дельта штаммы тарала бастағаннан кейінгі күрделене түскен.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Шілдеде коронавирус ауруы 7,5 есеге өсті. Егер маусым айында 1489 жағдай тіркелсе, шілдеде инфекцияның 11 085 жағдайы анықталған».

Жыл басынан бері Шымкентте 20 мыңға жуық адамнан коронавирус дерті анықталды. Өкінішке орай, оның 405-і қауіпті індетпен күресте көз жұмды. Пандемияның екінші толқынына инфекциялық ауруханалар дайын болған еді. Бүгінгі таңда қосымша төсек-орын саны мыңнан асады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Аптаның соңына қарай біз қосымша 980 төсек орын ашамыз, санын 4170 -ке жеткіземіз және С сценарийіне өтеміз. Эпидемиологиялық дағдарыс жағдайында 5416 төсек ашылады. Стационарлық емделуде – 2359 азамат бар. Төсектердің толымдылығы – 74%».

Ал реанимация бөлімшелерінің толымдылығы 80 пайыз. Қалада белсенді вакцинация жүріп жатыр. Екпе салдыруға рұқсаты бар халықтың 70% -ға жуығы вакцинаның бірінші компонентін алып үлгерген, ал екпенің екінші дозасын олардың 50 пайызы салдырған.

Карантин режимін бұзушыларды анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда. Жыл басынан бері мониторингтік топтар 20 мыңнан астам рейд жүргізген екен. Қаулы ережесін сақтамаған кәсіпкерлер мемлекетке 130 млн. теңге айыппұл төлеген.

Ashyq қосымшасына қаладағы 4748 кәсіпкерлік нысаны қосылған. Нәтижесінде вирус жұқтырған 139 және олармен байланыста болған 299 адам анықталыпты. Олардың барлығы дәрігерлердің талаптарын орындамай, карантиндік режимді сақтамағандар екен.