10-ші ақпан Екінші дүниежүзілік соғысындағы Ворошилов Операциясының нәтижелі аяқталған күні.
1943 жылы Солтүстік Донбасты неміс басқыншыларынан азат еткендердің қатарында қазақ жауынгері Аңламас Бекмұрзаев та болды. Соғыс аяқталып майдангерлер елге оралып жатты, алайда Аңламас хабар ошарсыз кеткендердің қатарында болды….
85 жастағы Захира әжей сұрапыл соғыста хабар-ошарсыз кеткен әкесі Аңламас Бекмұрзаевты іздеумен болды. Отағасы 1942 жылы әскерге шақырту алады. Аякөзде 3 ай дайындықтан кейін ол майданға аттанады. Захира Бекмұрзаева, әкемді майданға шығарып салған сәт әлі күнге көз алдымда дейді: «Захираны жылатпаңдар», «Захираны жылатпаңдар» деп айқайлап кетті майданға. Сол құлағымда қалған. Өмірбақи кетпеді. Сол үшін іздедім».
Сол 1942 жылдың қазанында Арыс әскери бөлімінен Орта Азиядан жасақталған эшелонда 32 жастағы Аңламас Бекмұрзаев Воронежге жетеді. Осында 38-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының қатарында соғысады. Ростов облысында, 1943 жылы Ворошиловград операциясы барысында Солтүстік Донбасты неміс басқыншыларынан азат ету қақтығысында қатардағы жауынгер ауыр жарақат алады. 3 ай бойы дәрігерлер сарбаздың өмірі үшін арпалысты. Батыр Репное ауылындағы зиратта жерленеді.
5 жаста әкесін соңғы рет көрген Захира әжей үмітін үзбеді. 70 жылға созылған ізденістен кейін немере қызы интернет -сайттарынан атасының жерленген жерін табады. Хабарды естіген бойда ұлы, немересімен Саратов облысындағы Балашоваға жол тартады. Аңламас Бекмұрзаев 1967 жылы Бауырластар зиратына қайта жерленіпті.
Захира Бекмұрзаева: «Әкемнің басқан жерін, ізін басайын деп ЭГ бардым. Госпитальдің аумағында шағын ғана молада қырғыз, орыс жауынгерлерімен әкем жерленген екен. Осы жерге тас қойдым».
Әкесінің қабіріне туған жердің бір уыс топырағын апарып салуды мақсат еткен Захира әжейдің арманы орындалды. Жерлестерінің айтуымен Ресей жерінде пана тапқан асқар таудай әкесінің зиратына Фатиха сүресі қашалып жазылған мемориал тасын қойды. Иісі мұсылман бауырлар құран бағыштай жүрсін деген тілекпен.
Шынар Оразова