Шымкентке жұмыс сапарымен Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен Қазыбек Иса келді. Сапар барысында олар бизнес өкілдерімен, қала тұрғындарымен кездесіп, мегаполистегі индустриялық аймақтарды аралады. Сондай-ақ, БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, қаңтар оқиғасына қатысты пікірін айтты.
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев тұрғындармен ғана емес, журналистермен де кездесті. Халық қалаулысы сұхбат барысында елді әбігерге салған қаңтар трагедиясы жайлы өз пікірін айтты. Сөзінше, мұнда билікті басып алуға ұмтылыс болған. Алайда, нақты кімнің жасауы мүмкін? Перуашев бұл сураққа жауап бермеді.
Азат Перуашев, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты: «Билікті күшпен құлату әрекеті болды. Мемлекетіміздің, халқымыздың тағдыры қыл үстінде еді… Тәуелсіз ел болып қала береміз бе деген сұрақ туды. Немесе Қазақстан екіге бөлініп Халифат құрыла ма? Дәл осындай сауал мазалады».
Азат Перуашев қаңтардағы митингте ұсталғандарға қатысты мәселенің ара жігін ажыратып алу қажет деп санайды. Өйткені оның кейбірі оқиға орнына кездейсоқ тап болса, енді бірі күн көру қиындағаннан амалсыз барған.
Азат Перуашев, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты: «Иә, біздің жастарымыз қателік жіберді. Президент айтты ғой. Егер олар кісі өліміне қатысты болмаса, бұзақылық жасамаса, онда басқаша қарау керек. Екіншіден, мысалы, Алматыдағы бүлік кезінде бір фото тарады. Онда әлдекім жаздық аяқ киімін шешіп тастап кеткен. Бұл әрине көп ойландырды. Өйткені қақаған қаңтарда жаздық аяқ киіммен жүрсе, расында халықтың жағдайы қиын. Бұл картина бәрін көрсетіп тұр».
Халық қалаулысының сөзінше, «Қаралы қаңтар» оқиғасына қатысты тергеу аяқталған соң барлық кінәлілерді халыққа көрсету керек дейді.
Азат Перуашев, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты: «Біздің фракция ұсыныс жасады. Парламенттік тыңдалып болу керек. Мұның артында кім тұр? Мұндай қантөгіске кім жауап береді? Қаншама адам мерт болды? Бұл біздің халық. Оны кім өлтірді? Істің-мән жайын анықтау керек. Барлығы қарапайым жұртқа ашық айтылуы қажет».
Мәжілісменнің айтуынша, Қазақстаннан ақша алып кеткендерге қатысты да егжей-тегжейлі тергеу жүргізілуі керек.
Азат Перуашев, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты: «Шетелге шыққан ақшаны қайтару керек. Өзбекстан 2-3 жылдың ішінде Гүлнара Каримованың ақшасын қайтарып алды ғой. Біз неліктен жасай алмаймыз? Соншалықты қиын ба? Өзбектер осы уақыт аралығында автомобиль шығаратын заманауи зауыт соғып алды. Инвестиция құйылып жатыр. Жаңа қала соғуда. Мен біздің халық оларға қарағанда жаман деп айта алмаймын. Демек, бірінші жемқорлықпен күресу керек».
Мәжіліс депутаты Шымкентте бір күн болды. Ал ертең Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуді жоспарлап отыр.
Мөлдір Ибадуллаева