Ағаштың қарын сілку үшін 600 млн. теңге…

85

Ағашқа қонған қарды сілкуге бюджеттен қыруар қаржы бөлінетінін естіп пе едіңіз? Ақ ұлпа жауып қарық қылмайтын күнгей өңірде бұл шара жыл сайын жүзеге асып отырады екен. Күні кеше БАҚ өкілдері Шымкенттегі тал-теректерді қардан тазарту үшін қазынадан 600 млн. теңге бөлініпті деген ақпарат таратқан болатын. Ал әкімдіктегілер бұл мәліметтің негізсіз екенін айтады.

Шымкентте ағашқа қонған қарды сілкіп, түсіру үшін қыруар қаржы бөлінеді. Иә, жаңсақ естіген жоқсыз. Бұл шаруа жыл сайын атқарылып келеді екен. Үшінші мегаполисте тал-теректі ақ ұлпадан тазартуға қазынадан 600 млн. теңге бөлінді деген әңгіме әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Әкімдіктегілер мұндай жұмыстың бар екенін растап отыр, алайда ол үшін бюджеттен қыруар қаржы қаралмаған дейді.

Ерғали Білісбеков, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бізде жалпы бөлінген 890 мың теңге, қай жақтан шыққан әңгіме оның бәрі.  Білесіздер, біздің климат  континеттік болғаннан кейін бізде бірінші жауын жауады, содан кейін қар жауады. Ол мұз болады, қатады. Содан кейін ағаш қирайды, адамның үстіне түсуі мүмкін. Жалпы ағаштың өзіне зиян келтіреді. Содан кейін тариф енгізген, ол тариф 3 теңге болуы керек 1 ағашқа».

Жалпы Шымкентте жасыл желектерді күтіп ұстау үшін бюджеттен 3 млрд. теңге бөлініпті. Бұл бақандай соманың ішіне қарды сілку жұмысы да кіреді. Сондай-ақ, абаттандыру жұмыстарын жасайтын қызметкерлердің жалақысы да осы бөлінген қаражаттан беріледі.

Ерғали Білісбеков, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бір нысананы алып көрейік. Жаңа мәліметтер шығып жатыр, осындай 3 млрд. бөлінген деп біздің көгалдандыруға. Мен сіздерге айтып кетейін. Жалпы бізде 600 адам жұмыс істейді сол жерде. 600 адам былтыр 80 000 теңгеден әр айда қаражат алып отырған. Биыл 145-тен алып жатыр».

Аталған жағдай бойынша тұрғындардың пікірі мынандай.

«Менің ойымша дұрыс емес, қар өзі еріп түседі деген сияқты ғой. Оған ақша бөлудің қажеті жоқ. Адамдарға көмектесу керек,  талға қарағанда», дейді тұрғындар.

Қыс мезгілінде қар жауып қарық қылмаса, талап бойынша бөлінген қаржы кері қайтарылады екен. Ал атқамінерлер болса, қазынаның қаражаты қайткен күнде де мақсатсыз далаға кетпейді дейді.

Әлихан Файызханов