«Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін». Осы принципті ұстанған Мемлекет басшысы ел тұрмысын құрғақ сөзбен емес, нақты іспен көтеру керек деді. Бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта үкіметке тапсырма жүктепті.
Дегенмен қарапайым халықтың да заңға бағынуы маңызды. Өйткені, заң үстемдік құрғанда ғана әділетті қоғам орнайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Қоғамдағы ең маңызды мәселе заң үстемдігі. Өкінішке қарай заңды мойындағысы келмейтін адамдар аз емес бізде. Басқа сөзбен айтқанда құқықтық негелизм белең алуда. Ағаларымыз «Тәртіпсіз ел болмайды» деп баяғыда айтып кеткен. Менің ұстанамым қоғамда заң мен тәртіп болса ғана елі ішінде бейбіт өмір болады. Заң кез-келген өркениетті қоғамның басты өлшемі».
Заң үстемдігі дегенде бірден адам құқығының қорғалуы да еске оралады. Яғни, қасіретті қаңтар оқиғасына қатысты азаптау фактілерінің орын алып жатқаны ешкімге жасырын емес.
Тіпті, «арқасын үтікпен күйдірген» деген ақпарлар да әлеу желіні шарлап кеткен. Бұл жағдайдан хабарым бар деген мемлекет басшысы «шаш ал десе, бас алатын» әрекетке жол жоқ деді. Сондай- ақ, қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Иә, бұл мәселе жөнінде жақсы білемін. Кейбір азаматтар менің атымнан бейне үндеу жазып әлеуметтік желіге таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Мен ІІМ мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. Енді шаш ал десе бас алатын әрекеттерге жол беруге болмайды ғой. Қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Бұлар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Оларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те қақымызда жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да олардың жұмысына араласпайды. Мен де араласпаймын”.
Мемлект басшысы шетелге заңсыз шыққан қаржыға қатысты да өз пікірін білдірді. Айтуынша, бұл мәселеде ауқымды сараптама жүргізу керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: “Мен үкіметке тиісті тапсырмамды бердім. Екі айдан кейін үкімет маған нақты ұсыныстарын айтпақшы. Бұл мәселе бойынша. Содан кейін жұмыс басталады. Бұл мәселе бойынша ауқымды сараптама жасау керек. Онсыз болмайды. Содан кейін шетелдегі тиісті мекемелермен келіссөздер жүргіземіз. Бұл өте күрделі және ұзақ жұмыс болмақшы. Бірақ әділдікке жету үшін осы жұмысты бастауымыз керек. Шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтару керек”.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы Жолдауында Қаңтар оқиғасының тергеу қорытындылары туралы айтатынын мәлімдеді. Әрі жаңа саяси реформалар жариялап, алдағы сайлауға қатысты өз пікірін айтатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Бұл мәселе Конституциямызда жазылған. Президентке екі мерзім берілген. Оны бұзуға болмайды. Наурыздағы Жолдауымда, мүмкін, осы маңызды мәселе жөнінде өз пікірімді айтармын. Ал бірақ қазір сайлауға барамын ба, бармаймын ба оны айта алмаймын».
Ел Президенті «Жаңа Қазақстанды» құру үшін бәріміз бірге ат салысуымыз қажет екенін тағы да бір атап өтті. Әрі ел жастары адал еңбекпен табыс табуды басты орынға қойып үйрену керек деді.
Мөлдір Ибадуллаева