Шымкентте эпидемиологиялық жағдай тұрақты, қала «жасыл» аймақта. Осыған байланысты санитарлық дәрігерлер шектеу шараларын жеңілдетті. Енді «Ашық» жобасында «сары» мәртебесі болмайды. Ал Файзер вакцинасын алу үшін жас мөлшері 60 жастан 50-ге төмендеді. Сондай-ақ, аталған вакцинаны мүмкіндігі шектеулі бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар жандар да салғыза алады.
Шымкенттің бас санитар дәрігері жаңа қаулыға қол қойды! Онда бірқатар жеңілдіктер енгізілген. Енді «Ashyq» жобасынан «сары» мәртебесі алынып тасталды. Яғни, науқаспен байланыста болғандарға «сары» статус берілмейді. Сәйкесінше, ашық жобасымен жұмыс істейтін мекемелерге қызыл мәртебесіндегі жандар ғана кіре алмайды. Ал олар карантин талаптарын бұзып, қоғамдық орындарға барған жағдайда, 90 мың теңгеден астам айыппұл салынады.
Болат НҰРМАНОВ, қалалық СЭБД басшысының орынбасары: «Бұл жерде 2 маңызды өзгеріс бар. Біріншісі кейбір нысандарға жасыл кіретін еді, қазір көк. Қазір барлық нысандар көк және жасыл статус тұлғалар шектеусіз кіруге мүмкінішіліктері».
Қазір Шымкентте эпиджағдай тұрақты, қала жасыл аймақта. Дегенмен, коронавирус балалар мен студенттер арасында таралуда. Оқу жылының басынан бері 1300-ден астам мектеп оқушысы мен 190-ға жуық студент ковид инфекциясын жұқтырған. Айта кетейік, енді бұрынғыдай тек 1 оқушыдан кви анықталған жағдайда сыныпты карантинге жібермейді. Енді тек 30 пайыздан асса ғана карантин қойылады.
Айгүл Тұрымбетова, Шымкент қалалық СЭБД басшысының орынбасары: «Короновируспен емделіп жатқан 26 пациент бар. Және оның 4-еуі 14 жасқа дейінгі балалар. Жансақтау бөлімінде 2 науқас жатыр, жағдайлары тұрақты-ауыр. Бүгінгі таңда қалада 3 мектепте 6 сыныпта карантин белгіленді».
Санитар дәрігерлер вакцина туралы да сөз етті. Алдыңғы қаулыда Файзер вакцинасы 60 жастан асқан жандарға салынатын еді, енді жас мөлшері 50-ге дейін төмендеді. Сондай-ақ, 1,2 және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар да Файзер вакцинасын ала алады. Және шетелде аталған вакцинаның бірінші дозасын алғандар екінші компонентті елімізде салғыза алады.
Жақын арада Шымкентке жасөспірімдерге арналған спутник-М вакцинасы келеді. Ал қазіргі таңда қала тұрғындарына вакцинация жәнге ревакцинация үшін 7 түрлі екпе түрі ұсынылған. Жыл басынан бері 6800-ден астам мегаполис тұрғыны қауіпті инфекция жұқтырған. Оның 1600-ден астамы кәмелетке толмаған балалар. Дәрігерлер таяу арада ұжымдық иммунитет қалыптастыру және қалыпты өмірге оралу үшін медицина дәрігерлері вакцина алуға шақырады.
Гүлдана Дәурен