Сауда орындарына тек «жасыл» мәртебесі бар азаматтар ғана кіре алады

59

Шымкентте эпидахуал асқынып тұр. Осы жағдайға байланысты, ағымдағы жылдың 14 қаңтарында шектеу шаралары мен карантин режимін күшейту мақсатында қаланың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Бекітілген ережеге сәйкес қаладағы нысандардың жұмыс тәртібі мен карантиндік шектеулер қалай болмақ?

«Бұдан былай ойын-сауық және сауда орталықтарына тек «жасыл» мәртебесі бар азаматтар ғана кіруге құқылы». Осылай деген, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдаркұл Райымқұлұлы мегаполистегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты соңғы шығарылған қаулыға сәйкес, көптің көкейінде жүрген бірқатар сауалдарға жауап берді.

Ол қарантиндік талаптың сақталуы жіті бақылауда болатынын айта келе, «Аshyq» жобасына қатысатын және қатыспайтын обьектілердің жұмыс тәртібін таныстырды.

Алдаркұл Райымқұлұлы, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Түнгі клубтар, караоке, аквасаяжайлар, ойын-сауық, бұқаралық іс-шарарлар, конференциялар, форумдар, көрмелер, отбасылық адам шоғыры көп болатын үйде және басқа жерде өткізетін іс-шараларға тиым салынып отыр. «Ашық» жобасына қатыспайтын мейрамхана дәмхана олардың жұмыс уақыты шектеледі, таңғы 09:00 – ден 20:00-ге дейін, бірақ толтырылуы 30 орыннан аспауы тиіс».

Қаулыға сәйкес, мектептерде оқыту дистанциялық форматта, ал жоғары оқу орындары мен колледждерде аралас форматта жүргізілмек. Маманның айтуынша, ашық жобасына қатысатын обьектілерге жұмыс режимі сағат түнгі 12:00ге дейін, ал жоба көшбасшыларына 02:00-ге дейін рұқсат етілген көрінеді. Десе де аталған жобаға қатысуына қарамастан, қаладағы театр, концерт, цирк сынды көрермендермен өткізілетін іс-шараларға толығымен тиым салынған.

Алдаркұл Райымқұлұлы, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Банкет залдары егер олар ас беру сынды шараларға қызмет көрсеткен жағдайда толтырылуы 30 адамнан аспауы тиіс. 1 адамға 4 ш.м -ден кем болмауы керек және бір столға төрт адамнан артық отырғызуға болмайды. Егер осы банкет залдары мейрамхана ретінде қызмет етсе, 50 адамнан аспауы тиіс. «Ашық» жобасна қатысуына қарамастан театр, концерт залдары, цирктер, түнгі клубтардың жұмысына және семинарлар, көрме, форум өткізуге, көрермендермен спорттық іс-шараларды өткізуге тиым салынады».

«Ковидті жұқтырудың алдын алу және таралуын болдырмауда – «Ашық» жобасының маңызы зор», -дейді мамандар. Ағымдағы жылдың 17-ші қаңтарында қала бойынша аталған жобаға қатысты бас-аяғы 9021 өтінім түсіп, олардың барлығына QR код берілген.

Сондай-ақ, «Ashyq» қосымшасы еш кедергісіз, тіпті интернет желісіне қосылмай ақ жұмыс істеп тұрған көрінеді.

Сабира Құршидқызы, Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары: «Аудсайдерлер саны -7061- қатысушы, олар «Ашық» қатысушылардан алынып тасталады және бір аптаға QR кодтары өшіріледі, осы тізімде болған обьектілер бойынша 2 аптаға, одан әрі 1 айға алынып тасталады. «Ашық» қатысушылардың 90 % – дан астамы келушілердің чекиндерін жүргізбейтіні, нысанға кірген кезде QR кодтың тіркелуін бақылау болмағаны, соның нәтижесінде аудсайдерлер саны артқаны көрініп тұр».

Бүгінгі таңда қаламызда эпидемиологиялық ахуалға байланысты 2022 жылы қаңтар айының 1-і мен 16-сы аралығында 2718 жағдай тіркелген. Оның ішінде 18 жасқа толмаған жасөспірімдер саны – 495. Бұл көрсеткіш 2021 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 5,5 есеге жоғары.

Аида Қарсыбайқызы