Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, үйіне ұры түскенін жеткізді. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, түнгі уақытта белгісіз біреу оның сарайында ілулі тұрған жылқы етінен жасалған қазылары мен 15 келіге тарта қой етін қолды еткен. Ең қызығы, күдікті оқиға орнында өзінің атыс қаруын ұмытып кеткен. Аталған жайт Бәйдібек АПБ-ға ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркеуге алынған.
Жедел-тергеу тобымен оқиға орнына шыққан полицейлер, тез арада күдіктіні анықтау шараларын іске асырды. Учаскелік полиция инспекторларымен жан-жақты іздестіру жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде небары 3 сағат ішінде күдіктінің жеке басы анықталып, оны ұстау шаралары атқарылды. Осылайша, жасырынып қашып жүрген жас жігіт, көшелердің бірінен ұсталды. Ол жергілікті тұрғын, ұрлық жасағаны үшін сотталып, 2021 жылдың күзінде ғана шыққан, пробациялық бақылауда тұратын жас жігіт болып шықты. Полицейлер оның үйінен айғақты зат ретінде ұрланған 15 келі етті алып, заңды иесіне қайтарды.
Анықталғандай, күдікті жәбірленушімен бір көшенің бойында тұрады. Яғни көршісінің жақында ғана мал сойғанын білетін ол, түнгі уақытта арам ойын іске асырған. Сол сәтте мас халде болғандықтан, оңай олжасы етті алып, өзімен бірге әкелген қолындағы қаруын оқиға орнына ұмытып тастап кеткен. Күдікті жас жігіт өз жауабында, қаруды тауып алғанын жеткізді. Бүгінгі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
Қазір қаруға қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тергеу амалдары басталған. Және «Ұрлық» бабымен де тергеу жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.