Шымкентте көршісінің жылқысын заңсыз иемденген азамат ұсталды. Арыз білдіруші жергілікті тұрғынның айтуынша, көршісі жылқысын қымбат бағаға сатып беремін деп сендірген. Оның сөзіне иланған тұрғын бір бас жылқысын сеніп тапсырған.
Алайда арада уақыт өте әлгі азамат телефон қоңырауына жауап бермей, ізін суытқан. Жалпы келтірілген шығын көлемі 450 000 теңгені құраған.
Арыз түскен бойда Абай АПБ жедел-тергеу тобын құрып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті. Тергеу барысында белгілі болғандай, ұсталған азамат 39 жастағы Шымкент тұрғыны болып шықты.
Алаяқтық жолмен алған жылқысын базарға апарып, 350 000 теңгеге сатып жіберген. Ал қаражатты өзінің пайдасы үшін жаратқан. Нәтижесінде, полицейлер тұрғынның сеніп тапсырған жылқысын заңсыз иемденген азаматты қала аумағынан ұстап, басқармаға жеткізді. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
Мөлдір Ибадуллаева