Ө.Шөкеев: «Біз суды тиімді пайдаланып, мол өнім алудың үлгісін көрсеттік»

95

Шаруа қожалықтарының иелерімен кездескен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев оларға табысқа жетудің жолын көрсетті. Шаруа қожалықтарының бірігіп, технологияның көмегімен суғару тәсіліне көшудің қыр-сырын» түсіндірді. Облыс басшысы суды шаһарға қолдан әкелудің бірқатар жолы айқындалып, ол жүзеге асып жатқанын жеткізді. Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру мен су нысандары жобалары қарқынды іске асырылуда.

«Біз Түркістан өңірінде суды тиімді пайдаланып, одан мол өнім алудың үлгісін көрсетуіміз керек. Оған бар мүмкіншілік бар. Ол үшін бірігу керек. Ысырапшылдыққа жол берілмейді. Ағын суды үнемдеп, жаңа технологияның көмегімен пайдалануды үйрену керек. Түркістан төңірегін көгертіп, оазис жасаймыз»,–деді облыс әкімі.
Түркістан қаласының маңында диқандар егістікті АҚШ-тан әкелінген арнайы техника арқылы жаңбырлатып суғаруда. Мамандардың айтуынша, бұл – өте тиімді тәсіл. Осы бастама арқылы ағын су шығыны бірнеше есе азайып, өнім түсімі төрт есеге дейін артады. Кешенді жоспар аясында аграрлық салаға, оның ішінде Түркістан қаласы аумағында 11 мың гектар алқапқа азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ағын су тапшылығын жою мақсатында су нысандары құрылысын жүргізуге үлкен басымдық беріліп отыр.

Азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобалары Түркістан қаласының аумағында интенсивті технологияларды қолдана отырып жүзеге асырылып жатыр. Кешенді жоспар бойынша ірі инвестициялық жобалар іске асырылып, өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімі артып, жаңа жұмыс орны құрылуда. «Агропарк» жобасы бойынша бірқатар бірегей бастамалар жүзеге асуда.

Жоба аясында шаруалар тиімді суару тәсілінің көмегімен алма бағы, жеміс-жидек және бақша дақылдарын өсіруді қолға алған. Бұдан бөлек, инвесторлар 200 гектар аумаққа америкалық технологияны қолдана отырып, жаңбырлатып суғару арқылы жоңышқа егу және қайта өңдеу жобасын іске асыруды жоспарлауда. Жоба құны – 1,5 млн. АҚШ доллары.

QAINAR KÓZТүркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі