Ресей-Украина: Қақтығыста қаза болғандар бар

348

Украинадағы жағдай әлі де шиеленісіп тұр. Air Astana әуе компаниясы Украинадағы қазақстандықтарды елге қайтарады. Ол үшін Польшадағы Катовице қаласынан Атырауға арнайы рейс жоспарланған. Ұшақ 26 ақпан күні жергілікті уақыт бойынша 02:00-де ұшады деп жоспарланған. Сондай-ақ, Украина президенті Владимир Зеленский жаңа үндеу жасады. Сөзінше, бүкіл әлем елдегі жағдайды тек сырттан бақылап қана отыр.

Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстың екінші күні. Елде толқу басылмай, тағы екі қуатты жарылыс болды. Ресейлік әскерилердің Киевке қарай бет алғаны белгілі. Украина билігі қазірдің өзінде құрбандардың бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, Владимир Зеленский халық алдында сөйлеген сөзінде бұған дейін көмектесуге уәде бергендердің бәрі қазір қол ұшын созудан жалтарып отырғанын айтты.

Владимир Зеленский, Украина Президенті: «Біз өз мемлекетімізді қорғауда жалғыз қалып отырмыз. Бізбен бірге күресуге кім дайын? Шынымды айтсам, ешкімді көріп отырған жоқпын, бәрі қорқып отыр».

Украинадағы оқиғаларға байланысты шұғыл әрекет ету мақсатында үкімет пен Ұлттық банк бірлескен іс-қимыл жоспарын дереу жүзеге асыруға кірісті. Ол жағдайдың Қазақстанға тигізуі мүмкін әлеуметтік-экономикалық салдарына қарсы бағытталады.

Жоспар үш бағытта іске асырылады:
инфляцияны бақылау және валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтау;
жұмыспен қамтуды қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру;
кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған шаралар.

Сарапшылар өз кезегінде әскери қақтығыс жақын арада аяқталады деп есептейді. Украина президенті ерте ме, кеш пе екі мемлекет арасындағы соғыс қимылдарын тоқтату туралы диалог болуы керек деп сендірді. Келіссөздер неғұрлым ертерек басталса, Ресей үшін шығын соғұрлым аз болады дейді Владимир Зелинский.

«Отырар TV» мен сайтымыздың @OtyrarQaz қазақша телеграм-каналына жазылыңыз.  https://t.me/OtyrarQaz