Түркістан облысында жүргізушілер арасындағы келіспеушілік адам өлімімен аяқталды. Түркістан қалалық Полиция басқармасына жедел жәрдем фельдшерінен жанармай бекетінің қарама-қарсы жағынан ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Анықталғандай, Түркістаннан Кентау қаласына бара жатқан бағытта, яғни Қызылорда тас жолында жүргізушілер арасында келіспеушілік орын алған. Нәтижесінде, жүргізушілердің бірі екіншісін таспен ұрып, зардап шегуші сол жерде қайтыс болған.
Күдікті жас жігіттің Түркістан қаласының тұрғыны екені белгілі болды, ол бұрын Алматы облысында тонау бабымен істі болып шартты түрде жазасын өтеген. Оны полиция қызметкерлері қылмыс орнында ұстап, оған қатысты ҚК 99-бабы, яғни Адам өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Жас жігіт уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оқиғаның мән-жайын полицейлер сотқа дейінгі тергеу барысында анықтайтын болады.
Әлихан Файызханов