Бүгін Түркістан облысына жұмыс сапарымен Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев келді. Министр облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге жаңадан салынып жатқан облыстық полиция департаментінің ғимаратында болып, құрылыс барысымен танысты. Бас полицей Ерлан Тұрғымбаев кезекші бөлім мен полиция қызметкерлерінің қызметтік кабинеттерін қарап шықты, сондай-ақ құрылыс жұмыстарының сапасын бағалады.
Одан әрі, еліміздің бас полицейі жеке құрамға Түркістан облысы полиция департаментінің жаңа басшысын таныстырды.
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция генерал-майоры Мұрат Талапұлы Қабденов тағайындалды
Жаңа полиция бастығын таныстыра отырып, ішкі істер министрі атап өтті:
«Мұрат Талапұлы құқық қорғау органдарында 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Жедел құрылымдарда жұмыс тәжірибесі мол. Әр жылдары Батыс Қазақстан облысының ІІД, ІІМ Әкімшілік полиция комитетін басқарды, сондай-ақ Ішкі істер министрінің кеңесшісі болды. Соңғы жылдары ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған.»