Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденов хат жазған ерекше баланың арманын орындады

36

Қараша айының 22 күні Түркістан облысы Полиция департаментіне ерекше хат келді. Хаттың иесі 12 жастағы Азамат Мүтәлі. Ол хатты полиция генерал-майоры Мұрат Талапұлы Қабденовке арнап жазған. Онда ерекше балақай өзінің үй жағдайында білім алып жүргенін және өскенде полицей болуды, сонымен қатар электросамокатпен қыдыруды армандайтынын жеткізген.

Азаматтың жазған хатын алып келген ұстазы Әсел Бимырзаева генералмен кездесті. Генерал ерекше балақайдың ұстазымен тілдесіп, Азаматпен жақын танысқысы келетінін және сыйлығын тез арада табыстау үшін үйіне баратынын айтып, келісті.
Ертесіне полиция генерал-майоры Мұрат Талапұлы Азаматтың арманын орындау үшін сыйлығын алып, үйіне барды. Отбасы мүшелерімен, ұстазымен және полицей болуды армандайтын балақай Азаматпен жүздесті. Бас полицей жасөспіріммен жақын танысып, дастархан басында әңгімелесті.
Ал Азамат болса, генералдың үйіне келіп, оның арманын орындағанына алғысын айтып, қуанышын жасырмады. Генерал оған самокатты пайдалануды үйретіп, бірге суретке түсті.
Өңірдің бас полицейі М.Қабденов Азаматтың әжесі мен ата-анасына алғыс айтып, алдағы уақытта да облыстық полиция департаменті тарапынан балаларды қуантуға бағытталған шаралар жалғасын табатынын жеткізді.