Тұтынушы ретінде өз құқығыңызды қорғай аласыз ба? Қоғамда жиі талқыға түсетін осы мәселе төңірегінде Шымкент қаласы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті атқарған жұмыстар жариялады.
Алдағы жылдармен салыстырғанда былтыр өтініштердің саны 6 есеге өскен. Шағымдардың басым бөлігі бөлшек, электронды саудаға тиесілі болған.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне қала тұрғындарынан 2 мыңнан астам өтініш түскен. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 45 млн. теңгеге жуық қаржы заттай немесе ақшалай тұтынушыларға қайтарылған. Департамент басшысының айтуынша, бизнес қауымдастығы арасында тұтынушылардың құқықтарын өрескел бұзатын фактілер жетерлік.
Бахытжан Салхожаев, Шымкент қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары: «Солардың ішінде «Технодом», «Сулпак» сияқты сауда үйлері бар. Аталған сауда үйлерінде тұтынушылық дауларға немқұрайлы қарайды. Бір жылға кепілдігі болса да, сатып алған тұрмыстық техниканы өзіңіз дұрыс пайдаланбадыңыз деп сервистік қызметтер жөндеуге ақы сұраған. Ал сатушылар болса, тұрмыстық техниканы жаңасына алмастырмаған».
Мамандардың пайымдауынша тұтынушылар бөлшек саудадан бөлек электрондық саудаға да көп шағымданады екен. Департаменттегілер автосалондардың қызметіне түскен шағымдар бойынша да тексеріс жүргізген.
Бахытжан Салхожаев, Шымкент қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары: «Шымавто» және «Хюндай авто Отырар» автосалондары тоқталатын болсақ автосалондар тұтынушылармен жасалған келісім шарттарды орындауда немқұрайлық танытады. Жақында бір азамат автосалоннан көлік сатып алған бір жақ есігі боялған. Ал салондағылар солай келеді кәсіпорыннан деп алмастырмаған. Қоймада жоқ деген, біз араласып мәселесін шешіп бердік».
Департаменттегілер тұтынушылар өз құқықтарын жақсы білсе, келісімшарттарға қол қояр алдын етене танысып алса, оқыс оқиғаларға тап болмас еді дейді. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында жергілікті билікпен бірлесіп тұтынушылардың құқығын қорғау жөнінде әлеуметтік жарнамалар жасалып, олар көшелерде, аялдамалар мен сауда орындарында орналастырылды. Тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын ашу бағытында насихат жұмыстары жалғасуда.
Шымкент қаласы бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің тел.
8702 477 07 07
Шынар Оразова