Үстеме жұмыс үшін мемлекеттік қызметкерге қосымша ақы төленуі тиіс

71

Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратында қызмет ететін мемлекеттік қызметшілер үстеме жұмыс істеген. Бұл көрсеткіш Шымкенттегі өзге үш ауданда да жоғары болған. Еңбек Кодексін бұзбау, мемлекеттік қызметкерлердің құқығын сақтау бойынша мәселе Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласындағы Әдеп жөніндегі Кеңес отырысында талқыланды.

Мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмысын болдырмау жөнінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тікелей тапсырмасы қала әкімінің назарына жеткізіліп, былтыр қарашаның 25 -не жергілікті орган басшыларының қатысуымен жиын өткен екен.

Үстеме жұмысты қадағалайтын ақпараттық жүйені барлық органдарда орнату және «Е-қызмет» жүйесімен ықпалдастыру жұмыстарына қаражат та бөлінген. Іске қосылған жүйе Әл Фараби әкімі аппаратында үстеме жұмыс жасау көрсеткіші өзге аудан әкімдігіне қарағанда жоғары болғанын анықтаған.

Бақыт Мелдебеков, Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының басшысы: «Жүйе іске қосылған, алайда басында біресе қосылып, біресе сөніп, қазір жұмыс істеп тұр. Қартасын ұрмайтын мемлекеттік қызметкерлерге ескерту жасалды».

4 жыл еңбек өтілі бар Арайлым Жұбайлаева соңғы 1 жарым жылда мемлекеттік қызметте. Үстеме жұмыс болып қалса, қалауыңмен және Еңбек Кодексі бойынша бұйрыққа сәйкес шығасың дейді жас маман.

Арайлым Жұбайлаева, Әл Фараби ауданы әкімідігінің қызметкері: «Мен кеңсе  маманы болып жұмыс істеймін. Үстеме жұмыстар болып тұрады бір айда. Мәселен, жақында президенттің кеңсесінен келген тапсырманы орындау үшін сенбі күні шықтым. Онда да менен шыға аласың ба деп сұрады. Сосын бұйрық шықты. 1,5 есе жалақымды төледі».

Айта кететін жәйт, Әл-Фараби ауданы әкімдігінің теңгеріміндегі ғимаратта білім басқармасы да жайғасқан. Үстеме жұмысты қадағалайтын ақпараттық жүйе былтыр желтоқсан айының басында іске қосылған. Ондағы мәліметтердің барлығы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің базасына түседі екен. Сондықтан да үстеме жұмысқа шыққан фактілер орын алса, ол міндентті түрде базада тіркеледі.

Әдеп кеңесі  мүшелері мемлекеттік қызметкерлер өз құқығын қорғай білуі тиіс. Және де үстеме жұмысқа шықса, ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес төлем жасалуын қадағалауы керек деп есептейді.  Ескеретін жәйт, былтырдан бері Мемлекеттік қызмет істері агенттігі үстеме жұмысты болдырмау бағытында жұмысты күшейтті.

Шынар Оразова