Профилактикалық экскурсия: Мемлекеттік қызметкерлер тергеу изоляторын аралады

23

Шымкентте мемлекеттік қызметкерлер тергеу изоляторын аралады. Олар темір тордың ар жағындағы жағдайды бақылап, пара алғандар қандай халге түсетінін көрді. Айта кетейік, антикорлықтар жергілікті басқарма қызметкерлерін тергеу изялаторына жиі әкеліп тұрады. Әзірге нәтиже де жоқ емес. 

Бүгін тергеу изоляторының алдына– әдеттегіден көп адам жиналды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаменті мемлекеттік қызметшілерге темір тордың ар жағына экскурсия ұйымдастырды. Келушілердің жүзіне қарап оларға бұл жер ұнай қоймағаны анық байқалады.

Мемлекеттік қызметшілерге арналған тур карантиндік бөлмеден басталды. Мұнда науқастанған жазасын өтеушілер келіп түседі. Қатал тәртіп, тор терезе, суық камералар: дәл осындай қатаң өмірді мұнда ауыр жазаланушылар мен күдіктілер бастан кешеді.

Профилактикалық экскурсия жазалау камерасында жалғасты. Тар әрі қараңғы бөлмеге кіріп көруге бір ғана маманның батылы барды.

Бұл жан жағы тормен қоршалған серуендеу алаңы. Мұнда жазаланушылар санаулы сағатын ғана өткізе алады.

Мемлекеттік қызметкер Талғат Тіленшин тергеу изоляторының қорқынышты екенін айтады. Ол мұнда екінші қайтара келгісі келмейтінін жеткізді.

Талғат Тіленшин, мемлекеттік қызметкер: «Бүгін Шымкенттің антикор мемлекеттік қызметшілерге экскурсия өткізді. Біз негізгі бөлмелерді араладық. Камераларда болу моральдық тұрғыдан қиын, менің ойымша, әрбір қызметкер осы мекемеге келгенде қорытынды жасады. Жеке өзім карцерге кіргенімде қорқынышты болды. Мен әрбір мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермей, заңды сақтай отырып жұмыс істеуі керек деген қорытындыға келдім».

Бұл жолы сыбайлас жемқорлыққа қарсы турға Мемлекеттік кірістер мен тұрғын үй басқармасының қызметкерлері келді. Антикорлық қызметкер қонақтарға бұрын сыбайлас жемқорлыққа барған мамандар жатқан бөлмелерді көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша мақсат қорқыту емес, бастысы еліміздегі жемқорлықтың алдын алу.

Бақыт Бұлғақов, тергеу изоляторы басшысының орынбасары: «Қазіргі уақытта бізде бес жүз қырықтан астам жазасын өтеуші бар. Олардың арасында кәмелетке толмағандар, әйелдер және әртүрлі басқармалардың қызметкерлері бар. Басқарманың 27-ге жуық қызметкері сыбайлас жемқорлыққа барды деген күдікке ілінген. Бүгінгі экскурсияның басты мақсаты-парақорлыққа қарсы күрес жүргізу. Біз мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық неге әкеп соғатынын көрсеттік».

Бұл акция үш жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұған дейін әкімдік, мұнда мәдениет басқармасы, әскерилер де келіп үлгерді. Мемлекеттік қызметкер мұнда жемқор ретінде түсуді ойына да алғысы келмейді.