Ж. Ерімбетов көшесіндегі жылу жүйесінің «жыры» биыл аяқталмақ

46

Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков 2021 жылы атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, ағымдағы жылдағы жоспарларымен  бөлісті.

Республикалық маңызы бар қалалар қатарына енген Шымкентте ауыз су жыры аяқталуға жақын. Тіршілік нәріне жарымаған Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымақ -2, Жаңатұрлан, Ақтас, Жаңаталап, Сәуле, Нұртас елдімекендерінде ауыз су мәселесі түбегейлі шешілді дейді басқарма басшысы. Биыл төрт нысанның құрылысы жүргізілуде. Брифинг барысында БАҚ өкілдері Құрсайда мердігермен құрылыс талаптарының орындалмауын алға тартты. Дерек расталса, жазаға тартамыз дейді сала басшысы.

Боранбай Болатбеков, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысы: «Қалай ол жарты метр тереңдікте құбырларды тартады. Бізде басқармада 26 адам бар 96 жобаның барлығын тексеріп үлгермейміз. Біз технадзорды жалдаймыз, егерде 1 метр 20-30 см. тереңдікте болуы тиіс құбырды сіздер айтқандай 50 см. көміп кетсе, біз шара көреміз мердігерге, сотқа  береміз».

Жырға айналған қала үшін маңызды нысандардың бірі АГРС-3 тің мәселесі де есепті жиында сөз болды. Жауаптылар газ тарату стансасын жылу маусымы аяқталғанда іске қосу жұмысы жүргізілетінін айтты. Қалалықтарды әбден әбігерге салған Ерімбетов көшесіндегі жылу жүйесі, жол мәселесі де ағымдағы жылы бітетін түрі бар.

Басқармадағылар мен жылу беруші мекеме «Энергорталық -3» АҚ жылуды тасымалдау тиімсіз екенін растап отыр. Бұл мәселені түбейгелі шешу үшін сала министрлігіне ұсыныс та жасаған.

Қарқындап өскен шаһарда бой көтерген тұрғын үй кешендерін, жаңа елдімекендерді инфрақұрылыммен қамту мәселесі кезеңімен жүргізілмек. Мегаполис үшін кәріз мәселесі өте күрделі екенін сала мамандары жасырмады. Сондықтан да ағымдағы жылы 16 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі.

Шынар Оразова