“Жастар” театры 15 жылдық мерейтойы қарсаңында шырайлы Шымқалаға келді. Театр гастрольдік сапарында тек Қазақстанды емес әлем халқын да таң қалдырған спекталідерін сахналамақ. Талантты ұжым оңтүстік шаһар көрермендерінің назарына 5 қойылымын ұсынады деп күтілуде.
Елордалық «Жастар» театры Шымкентте! Гастрольдік сапарға келген өнер майталмандары үшінші мегаполис көрермендеріне 5 күн күн бойы спектакль қоюды жоспарлап отыр. Театр әртістері алғашқы күні Ғ. Мүсіреповтың «Жібек» қойылымын сахналады.
«Жібек» қойылымы шетел сахнасында жақсы дамыған мюзикл жанрында өрбиді. Театр осы бағытты Қазақстанға кеңінен танытып, дамытқысы келеді. Өйткені, бұл- жаңашылдыққа ұмтылу дейді әртістер.
Мейірғат Амангелдин, «Жастар» театрының актеры: «Этно-рок болғаннан кейін жанры қиындау. Кішкене бұл жерде қатып қалған қағида жоқ. Шығып ойнай саласың деген сияқты. Бұл жерде физикалық тұрғыда көп талап етеді. Жүгіріп жүріп ән айту керек. Сол жағынан кішкене қиындықтар болды. Өзім студент кезден бұл рөлге дайындалып жүрдім. Сондықтан өзімнің жаныма жақын роль».
Сахнада ән айтып әрі би билеп жүрген актерлар шымкенттіктердің көңілен шықты. Ықылым замандағы оқиғаны қазіргі өнермен ұштастыра жаңашылдықпен суреттеген әртістердің шеберлігіне халық дән риза. Жаңаша жанрды көрермен де оңай ұққандай. Театрдың да түпкі мақсаты осы.
Әділ Ахметов, «Жастар» театрының директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: «Біз сахнаға шыға қап ақыл айтпаймыз. Біз өзіміздің рольдерімізді ойнай отырып, комедия болса күлдіре отырып, соңында бір астарлы ой тастауға тырысамыз. Өйткені қазір бірден ақыл айтқанды ешкім тыңдамайды. Тыңдағысы да келмейді. Адамгершілікті, әділдікті, парасаттылықты насихаттаудың жолы қазір театр мен кино деп білемін. Өйткені қазір көп адам кітап оқымайды».
«Жібек» қойылымы Кореяда өткен бүкіләлемдік мюзикл жанрындағы спектакль конкурсында жақсы бағаланған. Театр ұжымы мұндай бағыттағы қойылымдарды тек қазақстандықтар ғана емес әлем жұрты да тамашаласа дейді. Осы мақсатта Түрік еліне баруды жоспарлап отыр.
Жалпы 2007 жылы іргесі қаланған театрда 50-ден аса әртістер өнер көрсетеді. Әрі биыл құрылғанына 15 жыл толатын театрдың өзіндік ерекшелігі қалыптасып үлгерген.
Ғани Құлжанов, Театрдың алғашқы директоры, әртіс: «15 жас қандай жас? Кішкентай-ақ жас қой. Бірақ оған қарамастан біздің театр әр жылы жеміссіз болмаған. Жемісті жылдар болды. Мұның бәрі таза еңбектің арқасы. Сондай-ақ біздің театрдың 15 жылда бірде бір рет қаймағы бұзылмаған».
Егер «Жастар»театрының керемет туындыларын тамашалағыңыз келсе Жұмат Шанин атындағы өнер ордасына келіңіз. Алдағы күндері “Лифт”, “Пранк махаббат”, “Жанарымдағы жалғыз әуен”, “Асауға тұсау” қойылымдары сахналанады.