Күнгейдің бас театры халықаралық байқауға «Басты» ұсынады

388

Өңіріміздегі Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры «Сахнадан сәлем» атты IV халықаралық театр фестиваліне аттанды. Астана күніне орай ұйымдастырылып отырған байқауға ұжым 23 маусым күні сағат 11:00-де Р.Отарбаевтың «Бас» драмасымен қатысады. Қоюшы режиссері – Қуандық Қасымов. Ал қойылымның қоюшы-суретшісі – Қалтөре Жұмақұлов. Спектакль «Жастар театрының» сахнасында ұсынылады деп жоспарланып отыр.

Қуандық Қасымов, қоюшы-режиссер: «Бас» спектаклі – тарихи ғана емес, біздің батырларымыздың есімі мен ерлігін насихаттайтын қойылым. Сондықтан, осы бір маңызды байқауға ұсынып отырмыз. Әртістердің дайындық-деңгейі де жоғары. Ал еңбектің ерекшелігі сол – қоғам, өмір шындығы Махамбет батырдың жыр шумақтары мен өлең сөздері арқылы өрілген. Рөлдердің сәтті шығуы үшін де ондағы кейіпкерлерді театр әртістері бойына сіңіріп, терең зерттеді дей аламын. Енді сәттілік серік болсын деп тілеп отырмыз».

«Сахнадан сәлем» IV халықаралық театр фестивалі 20 маусым күні сағат 19:00-де басталады. Сайыстың шымылдығын Жан-Пьер Пило мен О. Шультездің «Моцарт» мюзиклімен елордалық «Жастар» театры түреді. Қойылымның режиссері – Н.Жақыпбай. Ал өнер бәсекесін қорытындылау ресейлік «Театр Луны» атты Мәскеу театрына бұйырыпты. Ұжым «Антракт» драмасын сахналайды. Авторы – А. Мардань, ал қоюшы-режиссері – Н. Когут. Айта өтетін ақпар, аталған фестивальге 11 өнер ұжымы жолдама алған.