Елдегі майнингтік компанияларға Б.Назарбаев пен Е.Нығматуллиннің қатысы бар. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
Майнингтік фирмаларға қатысты QazaqGaz ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен кәсіпкер Александр Клебановтың да аттары аталады. Мәліметтерге қарағанда бұл фермалар Павлодар, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында жұмыс істеген. Сонымен қатар жасырын жұмыс істеген тағы 51 ферма анықталды. Олар арнайы экономикалық аймақта орналасқан және электр желілеріне заңсыз қосылып, салық төлемеген.
Гаухар Сапарбаева, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми өкілі: «Заңсыз қызметті жүзеге асырған майнингтік компаниялардың арасында Қазақстанның ең бай кәсіпкерлерінің бірі Қайрат Итемгеновпен үлестес фирмалар бар. Онымен қоса, Ішкі істер министрлігі департаментінің бұрынғы басшысы Тілеген Маткеновтің де қатысы бар. Майнингке арналған жабдықтар Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Түркия және Грузия елдерінен әкелінген. Оларды әкелу контрабандалық тәсілмен де жүзеге асырылды. Қытайдан Алматыға 2,8 млрд. теңгеге бір мыңнан астам майнингтік жабдық әкелінді. Қаржы мониторингі агенттігі барлығы 25 қылмыстық істі тіркеді. Құны 100 млрд теңгеге жуық 67 мыңнан астам жабдық тәркіленді».
Шынар Оразова