Маскүнем баласы үшін ата-анасы жауапкершілікке тартылды

173

Түркістан облысының полицейлері «Жасөспірім» іс-шарасын қорытындылап, 600-ге тарта әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Түркістан облысы аумағында ағымдағы жылдың 10-12 наурыз күндері аралығында тәртіп сақшылары, кәмелетке толмағандар арасындағы жасөспірімдер қылмысы мен құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ балалардың қадағалаусыз қалу жайттарының алдын алуға, кәмелетке толмағандар мен қолайсыз отбасылармен профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағытталған «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.

«Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасының үш тәулігінде ювеналды полиция қызметкерлері, Ішкі істер органдарына 597 кәмелетке толмаған жасөспірімді жеткізді. Жалпы, облыс полицейлері кәмелетке толмағандар саласына қатысты 584 әкімшілік құқық бұзушылық ты анықтады.

Мысалы ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабымен «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және (немесе) білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» 24 ата-анаға әкімшілік шара көрілді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бергені үшін 21 мекеме иесі жауапкершілікке тартылды.

ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы, яғни жасөспірімдерге алкоголь ішімдігін сатқаны бойынша 18 дерек анықталды. 21 жасқа толмағандарға темекі өнімдерін сатудың 12 дерегі, кәмелет жасына темекі сатудың 3 дерегі айқындалды. 6 жасөспірімнің ата-анасы кәмелетке толмағанның қоғамдық орындарға мас күйінде келгені және алкоголь ішкені үшін жауапкершілікке тартылды.

Бұдан басқа, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуының 46 жайты, ал жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруінің 450 жайты анықталған.

Тәртіп сақшылары ішкі істер органдары есебіне барлығы 104 кәмелетке толмаған баланы алды. Оның ішінде құқық бұзушылыққа бейім 56 жасөспірім мен 48 қолайсыз отбасы бар. Олармен қайталама құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін профилактикалық әңгімелесулер жүргізілді. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және ескерту мақсатында, оқу орындарында ювеналды полиция қызметкерлерімен тақырыптық дәрістер мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Және бұл бағыттағы жұмыстар жедел-профилактикалық іс-шара аяқталғанымен, күн тәртібінен түспек емес.