Полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбековтың қабылдауында 30-дан астам азамат болды

107

Кеше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын негізге ала отырып, мегаполис тұрғындарымен кезекті кездесу өткіздім. Қабылдауды ұйымдастырудағы мақсатым, халық пен полиция қызметкерлері арасындағы кері байланысты нығайтып, олардың шешімін таппаған мәселелеріне заң аясында жедел әрі сапалы көмек көрсету болды.

Қабылдауға 30-дан астам азамат қатысып, тергеу бөлімшелеріне, әкімшілік пен жергілікті полиция қызметіне және кадр жұмысына қатысты өз сауалдары мен өтініштерін білдірді.

Мәселен, 6 жәбірленушінің заңды өкілі болып табылатын заңгер-кеңесші Ахан Райымқұлов мынадай шағым айтты. Адвокат өз сөзінде қамқорлығындағылардың қылмыстық істері тергелу барысында, патрульдік полиция полкі қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне көңілі толмайтынын жеткізді. Сонымен қатар қабылдауда болған басқа жергілікті тұрғындар соңғы кездері алаяқтықтың көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірсе, енді біреулері ішкі істер органдарына қызметке тұру мәселесі жайында сөз қозғады.

Осы тұста әріптестеріме айтқым келетіні қылмыстық істерді тергеуде қағазбастылыққа жол беруге болмайды. Азаматтардың әрбір арыз-шағымына жедел ден қою, жұмыстағы немқұрайлылықты жойып, кез-келген өтініш бойынша ҚР-ның заңнамасы аясында тиісті шешім қабылдау — біздің басты міндетіміз.

Қайрат Дәлбеков, Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшысы