Кәсіпкердің үйіне шабуыл жасаған қарақшылардың қарулары тәркіленді

375

Сайрам ауданында кәсіпкердің үйін тонамақ болған қарақшылар қолға түсті. Ақсуабат ауылында қаруланып, бетперде киген белгісіз адамдар жергілікті кәсіпкердің үйіне баса-көктеп кірген. Бірақ, қарақшылар құр қайтыпты. Үш күн өткенде олардың кім екені анықталып, қолға түсті.

Қарақшылар үйге түн ішінде кірген. Үйде ерлі-зайыптылар мен үш баласы шырт ұйқыда болған.Отағасы қарсылық көрсетіп, үйдің ішінде айқай-шу шыққан соң, қарақшылар ештеңе алып үлгерместен көліктеріне мініп, ізін суытқан. Төрт ұры үйге енген , ал бесіншісі – көлік тізгінінде қалғаны анықталды. Оңай олжаға кенелуді көздеген қарақшылар көп ұзамай, қолға түсті. Баукеспенің екеуі – көшеде, тағы екеуі – саунада, ал бесіншісі – өз үйінде ұсталып отыр.

Қайрат Дәлбеков

Қайрат Дәлбеков, Түркістан облыстық ПД бастығы: «Жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде , күдікті қылмыскерлер ұсталып, бүгінгі таңда қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізуде. Қылмыстық топ 5 адамнан құрылған. 5-еудің – 4-уі бұрын сотты болған. Бәрі осы Оңтүстіктің тумалары. Жастары 1983-1990 ж.ж. арасында».

Үш күн ішінде қылмыс ашылып, қылмыскерлер ұсталды. Олардан екі газ тапаншасы, аңшы мылтығы мен шолақ мылтық тәркіленген. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық Кодексінің 192 -«Қарақшылық» бабы бойынша іс қозғалды.

Мөлдір Бекеева