Полиграфия саласына үкімет тарапынан қолдау қажет

6

Әлемдегі жағдайдың әсерін полиграфия кәсіпорындары  сезінуде. Өйткені, олар шетелдік шикізат пен жабдықтарға тәуелді. Ірі полиграфиялық кәсіпорын иелері елде өндіріске қажет қағаз шығарылмайтынын айтады. Бәрі Ресей, Финляндия, Германиядан алынады. Ал дизайнерлік қағаздар тек Италияныкі. Қалада қазірше қор бар, алайда ол таусылса қызмет ақысы қымбаттауы мүмкін.

«Оңтүстік Рабат» және «Рабат газеттерінің басылымы әзірлену үстінде. Мерекелік шығарылым Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамына арналған. Әлемде, ел аумағында, шахарымызда орын алған оқиғалар жайлы оқырмандарды үнемі ақпараттандыратын газетті басып шығару құны қымбаттамайды. Қаржылық қиындықтарға қарамастан редакция басшылығы екінші жарты жылдыққа дейін бағаны тұрақты ұстап тұруға қауқарлы дейді газетті таратуға жауапты бас менеджер Шахида Савдашева.

Шахида Савдашева, «Отырар» медиа-холдинг қызметкері: «Оңтүстік Рабат» және «Рабат» газеттерін басып шығару қызметінің құны 1 наурыздан бастап 25 пайызға қымбаттады. Бұл жөнінде типография басшылығы ақпанда хат жіберді. Әрине біз оларды түсінеміз, қағаз, бояулар шетелден жеткізіледі. Алайда біз үшін шығын болса да, келісімшартқа сәйкес газеттеріміздің бағасын бірінші жарты жылдықтың аяғына дейін көтермейміз. Екінші жарты жылдықта баға қалай болатынын уақыт көрсетеді».

15 жыл бойы полиграфия саласында қызмет көрсетіп келген жеке кәсіпкер Меруерт Сагирова тапсырыс азайғанын, есесіне өндіріске қажетті материалдардың едуір қымбаттағанын айтады. Қиындықтар былтыр қазан айында басталды. Қытайдан жеткізілетін баннерлердің бір бумасы бұрын 32 мың теңгеге сатып алынса қазіргі таңда 150-200 мың теңгеден босатылуда. Бұрын 1 текше метр мәтінді басып шығару 800 теңге болса, қазір 3-3,5 мың теңге.

Меруерт Сагирова, кәсіпкер: «Өндіріске қажетті қағаздар Ресейде шығарылады. Негізгі жеткізушілер ресейлік фирмалар. Алматыда қоймаларда қағаз қалмаған. Бұрынғы тапсырыстардан қалған материалдар қымбат бағамен босатылуда. Олар доллар мен рубльдің бағамына қарай бағаны көтереді. Алдағы уақытта не істейміз білмейміз».

Әлемдегі қымбатшылық өз алдына, кәсіпкерлер Ресейге салынған санкциялар тауарды дер кезінде жеткізуге кедергі келтіре ме деп алаңдайды. Оның үстіне көрші елден алынатын сапалы қағаздар қымбат әрі жетіспейді. Еліміздегі ірі полиграфиялық кәсіпорын басшысы Сәния Ирсалиева тапсырыстардың азаймағанын айтады. Алайда, қор таусылса, қызмет ақысы қымбаттауы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Сәния Ирсалиева, Полиграфиялық кәсіпорын басшысы: «Жабдықты түгел Ресей арқылы аламыз. Өнім бағасы өсіп кетсе де, жұмысымыз тоқтап қалмаса екен деп отырмыз. Өйткені, логистика мәселесі қиындап тұр. Біз жабдықтарға күнде тапсырыс беріп отырамыз ғой. Мысалы, тонер жоқ болса, өндіріс тұрып қалады. Енді міне, Ресейде де сапалы қағаздарға тапшылық туған. Полиграфияда 5000 тауар түрі шығарылады. Жағдай күрделене берсе, қызмет ақысын 15-20 процентке арттыруға мәжбүрміз».

Полиграфия саласына Үкімет тарапынан қолдау қажет. Шикізат пен жабдықтар отандық болса, жұмысызмыз жеңілдейтін еді,- дейді қызметкерлер.

Шынар Оразова