Қант өндірушілер шикізатты күтіп отыр. Бұл туралы Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева хабарлады. Ал, тиісті министрліктер елдегі қант қоры үш айға жеткілікті деп сендірді. «Статистикаға сай, былтыр елге шамамен 300 мың тонна қант импортталды. Оның 70 проценті Ресей Федерациясынан әкелінген.
Егер тұтынудың жалпы көлемін алсақ, онда біз өзіміз қанттың 42 процентін өндіреміз», — дейді Айжан Наурызғалиева.
Бірақ, көрші елдегі саяси жағдайға байланысты отандық қант өңдеушілерде логистикалық қиындықтар туындаған. Шикізат Бразилиядан алынады. Теңіз арқылы келетін жүк кемелері Ресейге жете алмай қалған. Сондықтан, Әзербайжан мен Балтық елдері арқылы тауар тасымалдау мәселесін қарастырылып жатыр. Айжан Наурызғалиеваның айтуынша, қазірдің өзінде тауар тасымалындағы шығын 60-70%-ке дейін өсті. Айта кетейік, Қазақстанда төрт қант зауыты бар.
Айжан Наурызғалиева, Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті: «Шикізат теңіз арқылы келетін. Ресей санкцияның астында қалғандықтан, он бесінші наурызда келу керек болған кеме Новороссийскке жетіп, тауарды бере алмай тұр. Біздің адамдар мәселенің шешімін іздеп жатыр. Батуми мен Балтық маңы елдері арқылы шикізат жеткізуді қарастырып жатырмыз. Бірақ, бұл тауар бағасына әсер етеді. Егер Қара теңіз арқылы өткен кеме айлақта екі апта тұрса, кеме иесі әрбір апта үшін үш мың доллар төлете алады. Бұл біздің тауар өндірушілердің мойнына түседі. Әр айлақтың бағасы әртүрлі. Бірақ шикізат тасымалын шұғыл түрде қалпына келтіру керек».
Шынар Оразова