Жиһаз жасайтын компаниялар жабыла бастады

40

Қазақстанда жиһаз жасайтын компаниялар жабыла бастады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, олардың саны 8 пайызға қысқарған. Өнеркәсіптік өндіріс индексі 89 пайызға дейін түсіп кеткен. Пандемиядан кейін әлсіреп қалған салаға инфляция да кері әсер еткен.

Былтыр жиһаз бағасы 1,5-2 есеге өсіпті. Өйткені шикізат қымбаттаған. Жиһаз жасайтын қазақстандық компаниялардың дағдарысқа ұшырауына басты себеп те – импортқа тәуелділік. Жоңқалы ағаш тақтай түгелдей шет елдерден жеткізіледі. Қазақстандағы 8 зауытта сол дайын шикізаттың сыртына ламинат қана жабыстырылады.

Базардағы жиһаздың да басым бөлігі – импорттық. Сырттан әкелінетін тауарлардың 86 пайызы Ресейден. Еуразиялық экономикалық одақтың тәртібіне сай олар Қазақстанға шектеусіз кіргізіледі. 2 және 3-орында Беларусь пен Қытай тұр. Осылайша, отандық кәсіпкерлер шетелден келетін арзан өнімге қарсы тұра алмаймыз, – деп отыр. Ал мамандар кейбір мемлекеттік шектеулер де саланың дамуына тұсау болып тұрғанын айтады.