«Қызыл кітапқа» енген өсімдіктерді жүйелейтін зертхана құру қажет

134

Шымшаһарда елдің әр өңірінен келген ғалымдар жиналып, дендрологиялық саябақтың бүгіні мен ертеңін талқылады. Зерттеушілер саябақты дамыту мақсатында бірнеше ұсыныстар айтты. Мәселен, «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктерді топтастыратын зертхана құру, ағаштардың ұзақ мерзімді қорғау стратегиясын жасау.

Шымкентте Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл толуына орай елдің барлық өңірінен келген ғалымдар кездесіп, ғылыми кеңес өткізді. Жиын барысында дендрологиялық саябақты жүйелі түрде дамытудың 30-дан астам бағыты анықталып, талқыланды. Табиғат жанашырларының басын қосқан ғылыми кеңесте «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктерге арналған зертхана құрылса деген ұсыныс айтылды.

Нұғман Аралбай, профессор: «Қазақстанның мойнына алған міндеттемесі. Яғни, 2 млрд ағаш отырғызу. Негізінен алғанда нәсілдік қор есебінде жабайы өсімдіктерді, ағаш-бұталарды осы жерге жерсіндіру. Шымкенттің келбетін көрсететін нағыз керек ағаш-бұталар бізде болу керек. Содан кейінгі ерекше атап өтетін бір дүние ерекше қорғалатын табиғи аймақтар туралы біздің еліміздің заңы бар. Шындап келгенде дендросаябақтыі статусы қорықтардың статусымен бірдей».

Кездесуде зерттеушілер дендросаябақта ағаш-бұталарды ұзақ мерзімді қорғау стратегиясын құру керектігін айтты. Ал доцент Нұрлыбай Манабаевтың сөзінше, дендробаққа ағашты көшіріп-қондыратын жаңа техника қажет. Себебі, қазіргі таңда 1 ағаш қоректенетін аумақта 4-5 ағашқа дейін өсіп тұрған көрінеді.

Нұрлыбай Манабаев, техника ғылымдарының кандидаты: «Бұл жерде бұрыннан қордаланып қалған жұмыстар көп. Бірінші менің байқағаным – уақытында ағаштарға дұрыс күтім берілмеген. Сондықтан ағаштардың түбінен өсіп шыққан өскіндер өте көбейіп кеткен. Қыруар жұмыс алдымызда күтіп тұр. Ол жұмыстарды орындау үшін біз жаңа технологияларды қолдануымыз керек. Соған аса назар аударсақ жұмысымыз өте сәтті әрі тиімді амалға асады».

Биыл дендрологиялық саябақта 15 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 3/1 бөлігі егілген. Сондай-ақ, бақта бұдан басқа 400-ге жуық өсімдік пен сирек кездесетін ағаштың 61 түрі бар.

Гүлдана Дәурен