Шымкентте ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін тойлау осыдан бірнеше күн алдын басталып кеткен болатын. Әр күнде тарихи маңызды тақырыптар аясында өтіп жатқан мерекеде бұл жолы қала тұрғындары Шым қала этно мәдени кешенінде Шежіре күнін атып өтті. Бұл салтанатты шара өскелең ұрпаққа қала тарихын білуге және оларды патриоттық сезімге баулу мақсатында ұйымдастырылған.
Келушілер ең алдымен Шымкенттің көне тарихынан сыр шертетін ортағасырлық құнды жәдігерлер қойылған Цитадель музейін аралады. Мұнда қойылған тарих куәгерлері көптің қызығушылығын оятқандай. Тамашалаушы жастар әр заттың түсіндірмесін оқып, қай кезеңде қолданылған дүние екенін білді.
Туған жердің тарихын танып, осы топырақта туып, ел мақтанышына айналған есімі елге белгілі тұлғалардың өнегелі ісінен хабардар болу болашақ ұрпақтың борышы дейді үлкендер. Мұндай іс-шараның маңыздылығы да сол жастардың тарихтан хабардар болып, шежіресін тануына мүмкіндік жасау.
Түнгі шығыс базары яғни, ежелгі Жібек жолы бойындағы сауда – көрінісі де кешенге келушілілердің көңілін аударды. Мұнда қойылған бақша дақылдарымен қатар көне жәдігерлер де көптің қазағушылығын оятты.
Мәдени шара барысында келушілерге ерекше көңіл күй сыйлау үшін қала өнерпаздары ән айтып би-билеп, мерекенің ажарын аша түсті. Ал кеш соңында цирк қызметкерлерінің ұсынған от шашу шоуы көптің көңілін көтеріп, мерекені сезіндірді.
Жанерке Хумар