«Қаржы Орталығы» АҚ мамандары Шымкентте. Кездесу барысында Кәсіпкерлер қауымдастығына сансыз тойхана, қонақ үйлердің орнына тиімді шарттармен сұранысқа ие мектептер, мектеп-интернаттары мен жатақхана салу бойынша ұсыныстар жасалды. Елімізде биыл 32 жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда.
Кәсіпкерлік палатасында бас қосқан жергілікті кәсіпкерлерге әлеуметтік нысандар-мектеп, жатақхана салу жобаларының тиімді тұстары түсіндірілді.
Алпамыс Сатыбалдин, «Қаржы Орталығы «АҚ өкілі: «Салынған қаржы жаңадан іске қосылатын жекеменшік мектептер үшін ағымдағы жылға норматив орташа есеппен 532 мың теңгені құрайды. Әрбір оқушы орны үшін ғимараттың амортизациясына арналған шығыстар: құрылыс жағдайында — 96 АЕК (294 мың теңге), реконструкция жасалған жағдайда — 47 АЕК. (143 мың теңге)».
Мектеп, жатақхананы кәсіпкер өз қаражатына салады. Ал төлемдерді қаржы орталығы келісімшартқа сәйкес жыл сайын аударып тұрады. Мемлекеттен төлемдер мерзімі аяқталғаннан кейін нысан құрылыс салушының меншігінде қалады. Жалғыз шарт 20 жылға объектінің нысаналы мақсатын өзгертуге болмайды. Пандемияның салдарынан қаңырап тұрған тойханалар мен қонақ үйлердің орнына әлеуметтік нысан салу жақсы ұсыныс,- дейді кәсіпкерлер.
Жобаларға қатысу үшін кәсіпкердің капиталы немесе қарыз қаражатын тартуға мүмкіндіктері, сондай-ақ жер учаскесі болуы қажет. Болмаған жағдайда мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы, өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларымен бірлесіп, жобаға бастамашылық жасау, жобаның басқа қатысушыларымен консорциум құру арқылы ресурстарды біріктіру; жергілікті атқарушы орган арқылы жер учаскесін заттай грант түрінде алуға болады.
Шынар Оразова