Заңсыз жұмыс істеп жүрген 24 шетел азаматы анықталды

62

Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлерімен қала аумағында заңсыз жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларды, ел аумағынан заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға қатысы бар азаматтарды анықтауға, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу және елімізде шетелдіктердің болу қағидаларын бұзуды болдырмау мақсатында ағымдағы жылдың 10-наурызынан «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Шара барысында Әл-Фараби ауданында орналасқан құрылыс нысандарын тексеру кезінде 24 шетел азаматы ешқандай рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жұмыстарын жүргізгені анықталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы немесе жергілікті атқарушы орган өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтаманы немесе жұмысқа орналасуға рұқсатты алу еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті шарт болып табылатын жағдайда, мұндай анықтаманы не рұқсаттарды алмастан, Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруы) әкімшілік хаттама толтырылды. Аталған бапқа сәйкес жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберуге әкеп соғады.

Айта кететін ақпарат, мұндай профилактикалық шаралар заңсыз көші-қон жайттарын алдын алуға мүмкіндік береді.