40 жасында университетке түскен ерекше жан 60 жасында жұмысқа орналасты

124

«40 жасында университетке түскен». Шымкент қаласының тұрғыны Әмірхан Әсілбек мүмкіндігінің шектеусіз екенін дәлелдеді. Ол қызмет барысында жарақат алса да, бүгінге дейін білім алып, еңбек етіп келеді. Көпке мотивация болып жүрген ер адам өз оқиғасымен бөлісті.

60 жастағы Әмірхан Әсілбек бұған дейін ішкі істер органында жұмыс істеген. Кейіннен қызмет барысында жол апатына түсіп, бір аяғына зақым келеді. Салдарынан 2-топ мүгедектікке шыққан ер адам жұмысын ауыстыруға мәжбүр болады. Яғни, протезбен жүрсе де, 40 жасында қайта жоғары оқу орнына түседі.

Екінші рет мұғалім мамандығын меңгерген ол 15 жылдан аса балаларды білім нәрімен сусындатты. Алайда 2017 жылы денсаулығы қайта сыр беріп жұмыстан шығуға тура келеді. Әмірхан Әсілбектің айтуынша, тиісті ем қабылдағаннан кейін де 5 жыл бойы жұмыс таба алмай жүрген.

Әмірхан Әсілбек, Шымкент қаласының тұрғыны:
«Мүмкіндігі шектеулі адамға жұмыс іздеуде оңай емес. Көп мекемелерге бардым. Жұмыс іздедім, сұрадым. Мамандығымды айтам, стажымды айтам. Сонымен әңгімелесге шақырады. Сұрайды бәрін. Хабарласамыз дейді. Кейін жоқ болып кетеді».

60 қа келсем де қол қусырып отыра алмаймын деген азамат биыл сәуір айында мектепке жұмысқа кірді. Бүгінде Физика кабинетінің зертханашысы. Еңбек ету үшін жас та, мүмкіндік де маңызды емес деген ол 12 мүшесі сау бола тұра жұмыссыз жүргендердің ісін құптамайтынын айтады.

Әмірхан Әсілбек, Шымкент қаласының тұрғыны:
«Еңбек адамды тәрбиелейді, шыңдайды. Еңбектің наны қандай дәмді. Сондықтан жұмыс істеу қажет деп ойлаймын мен. Сондықтан аяқ-қолы сау, денесі бүтін жігіттер жақсы жұмыс істесе, қайта осындай кісілерге жәрдемін беріп жатса нұр үстіне нұр болады ғой. Қанша қиындық болса да еңбектен қашпау керек. Еңбек ету керек».

Әмірхан Әсілбектің жұмысқа орналасуына Шымкенттегі Тең қоғам әлеуметтік қолдау орталығы көмек көрсеткен. Олар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тұрақты жұмыс тауып берумен айналысады. Сондай-ақ орталық ерекше жандарға барлық қызметті тегін көрсетеді.

Ерсұлтан Әмзеев, «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының басшысы:
«Осы мүгедектігі бар жандарға арналған мекеменің ішінде бос уақытын өткізуге жағдай жасалған. Мысалы, кітапхана қоры бар. Және арттерапия бар бізде. Сурет салып, өз ойындағы өз мақсатындағы арманын суретке түсіріп көрсете алады. Әрі бізде фитобар бар».

Айта кетейік, бүгінде үшінші мегаполисте 38 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Ал 2022 жылы құрылған орталық жыл басынан бері 7 мың ерекше жанға қызмет көрсетіпті.

                                                            Мөлдір Ибадуллаева