Әйелімен жанжалдасып, өз үйін өртеп жіберген…

118

Түркістан облысында әйелімен жанжалдасып, өз үйін өртеп жіберген ер адам ұсталды. Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаменті хабарлады.

Бәйдібек АПБ-ға жергілікті тұрғын хабарласып, өзінің 4 бөлмелі үйін күйеуінің қасақана өртегенін жеткізді. Үй ішінде тұрмыстық заттармен қоса, алтын бұйымдар болған. Оқиға салдарынан жәбірленуші 3 000 000 теңге шығынға батты.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚК-нің 202-бабы 2-бөлімі «Қасақана өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру» бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Ақпарат алысымен бәйдібектік тәжірибелі полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырды. Тез арада іске кірісіп, оқиғаның қалай болғанын анықтады.

Белгілі болғандай, ерлі-зайыптылардың арасында келіспеушілік туындаған. Содан түсініспеушіліктің арты дауға ұласып, ашуға бой алдырған азамат мас халде үйге өрт қойған. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңға қайшы іс-әрекеттерді жасамауға, туындаған мәселелерді заң аясында шешуге шақырады.