Бруцеллез-бедеулік пен белсіздікке соқтыруы мүмкін…

136

Сарып (бруцеллез) ауруы – адамға төрт түлік малдан және үй жануарларынан жұғады. Аталған дертке шалдығу жағдайлары әсіресе көктем, жаз айларында малдың төлдейтін кезеңіне байланысты арта түседі. Сарып ауруының жұғу көздері өте көп. Соның негізгілеріне тоқталып өтсек, яғни, малды төлдету, қойдың жүнін қырқу, ет, сүт өнімдерін дайындау кезінде, дұрыс қайнатылмаған сүт, қай¬мақты тұтыну, сондай-ақ мал қораларын тазалау кезінде ауадағы шаң-тозаң арқылы да жұғады.
Сарып ауруының қоздырғышы –«бруцелла» микробы сүт құрамында қалыпты температурада 10 – 18 күн, қымыз бен шұбатта – 3 күн , жаңа сойылған етте – 1,5 айдан аса сақталады. Ал жүн мен теріде – 1,5 айдан – 4 айға, ағын суда 6 –12 күн, топырақ пен қида, тезекте 3 айдан 4,5 айға дейін қуатын жоймайды.
Дене қызуының көтерілуі, тершеңдік, әлсіздік, бұлшық ет пен жүйке жүйелерінің зақымдануы, буындардың ауыра бастауы сарып ауруының негізгі клинкалық белгілері болып табылады. Егер ауруды дер кезінде емдемей, асқындырған жағдайда бала сүю қабілетінен айырып, белсіздік пен бедеулікке тіпті мүгедектікке әкеліп соқтыруы мүмкін.
Сондықтан жоғарыда көрсетілген келеңсіздіктерге тап келмес үшін:
-ауру малдың көзін жою;
– малды төлдету кезінде арнайы қолғап, аяқ киім кию;
– қолды сабынмен жуып, залалсыздандыру;
-сапалы өңдеуден өткен ет, сүт өнімдерін тұтыну қажет.
-ауладағы малдың арасында түсік тастау, өлі туу жағдайын дереу мал дәрігеріне хабарлау керек.
Ауру белгілері мазалаған жағдайда тез арада дәрігерге қаралған абзал.