Импорттық өнімдердің 89% — ы техрегламент талаптарына сәйкес келмейді

66

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өнімдердің қауіпсіздігіне қатысты тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады

Облыстың санитариялық дәрігерлері 2022 жылдың 3 айында дүкен сөрелеріндегі тамақ және азық-түлік емес өнімдерге жүргізген мониторингілеу барысында импорттық өндірістің — 679, отандық өнімнің-155 сынамасын зертханалық зерттеуге алды.
​​​​​​Нәтижесінде 36 (4,3%) сынаманың Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталды.

Өнімдердің 89% -ы — импорттық, ал 11%-ы — отандық өнімдерге тиесілі. Сәйкессіздіктің 75% таңбалау бойынша, оның ішінде тамақ (кондитерлік өнімдер, сүт, құс, балық өнімдері, алкогольсіз сусындар) өнімдерімен қоса, азық-түлік емес өнімдер (балалар ойыншығы, жеңіл өнеркәсіп өнімдері және халық тұтынатын басқада өнімдері) бар.

Мәселен, өнімдердің таңбалануында ақпарат мемлекеттік тілде көрсетілмегендігі, ЕАС біріңғай белгісі жоқ, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, өнімнің сақталу шарттары, өндіруші немесе импорттаушы туралы ақпарат, өнімді пайдаланудың басқа да нұсқаулары көрсетілмегендігі белгілі болды. Айта кетейік, жыл сайын жиі анықталатын негізгі бұзушылықтардың бірі-өндірушілердің таңбалау қағидаларын сақтамауы болып отыр.​​​
Осы орайда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жергілікті кәсіпкерлерге өнімдердің таңбалануын заңнама талаптарына сәйкес іске асыру керектігін еске салса, тұтынушыларды өнімнің жапсырмасына назар аударуға шақырады.

Сыртында өндіруші туралы ақпараттың болмауы, қолданылуы бойынша нұсқамалар мен дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, құрамындағы заттар, сақтау шарттары көрсетілмеген өнімдер сіздің денсаулығыңыз үшін зиян келтіруі мүмкін екендігін ескертеміз.