Майнинг фермалар бюджеттің қаражатын қайтаруы керек

26

Astana Hub орталығы арқылы ақша алған майнинг фермалар бюджеттің қаражатын қайтаруы керек. Депутат Дания Еспаева мәселені жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қадағалауы тиіс екенін айтты.

Яғни, Astana Hub-тың құрылтайшысы «Зерде» ұлттық компаниясы қызметкерлері мен IT технологиялық паркі басшылары мемлекеттік ресурсты дұрыс пайдаланбағаны үшін жауап беруі қажет. Бес бірдей ферма салық жеңілдіктерін де пайдаланып келген. Ал жауапты ведомства бұған көз жұма қараған дейді депутат.

Еске салайық, есеп комитеті майнинг фермалардың Astana Hub арқылы 8,5 миллиард теңге жеңілдік алғанын хабарлаған еді. Бес ұйымның біреуі майнинг ферма ретінде, қалғаны стартап-компания ретінде тіркелген.

Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Есеп комитеті миллиардтаған теңгенің заңбұзушылығын анықтады. Цифрлық даму министрлігі бұл мәселе бойынша соттасып, кінәлілерді жауапкершілікке тартпады. Бұл деген бюджеттің ақшасын біреуге бере салу деген сөз. Astana Hub арқылы заңсыз ақша алған майнинг фермалардан қаражаттың бәрін қайтару керек. Және кінәлілерді жауапкершілікке тарту қажет».

Шынар Оразова