Қуаңшылық: Шаруаларға ағын суды көп талап етпейтін дақылдар егуге кеңес берілді

261
фото kazgazeta.kz

Бүгінде аграрийлерді толғандыратын мәселе — былтырығдай қуаңшылық болады ма жоқ па? Қалалық ауыл шрауашылығы және ветеринария басқармасы мамандары бұл сауалға жауапты ешкім дөп басып айта алмайды дейді.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы аумағында 3 мыңнан астам шаруашылық, өндірістік кооперативтер қожалықтар кәсібін дөңгелетуде. Егерде былтыр 29 мың 300 гектарда егістік егілсе, биыл ол көрсеткіш 500 гектарға артты. Басқарма мамандары шаруалармен бірқатар семинар өткізіп, қуаңшылыққа төзімді дәнді дақылдар, мал азығын егу бойынша кеңес алды. Биыл жоңышқа, арпа жалпы мал азығы көп егіліп, көкөністің жер алқаптары қысқартылған.

Жәнібек Тоғай, Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы: «Сәуір айында тағы екі жауын болса, шаруалар еккен майлы дақылдар, жаздық бидай, жоңышқа жақсы өнім береді деп болжам жасап отырмыз».

Қуаңшылық болуын ешкім жоққа шығармайды. Өйткені қар аз жауды, тауда қоры шамалы. Еріген жағдайда ағын суы көкөніске жетпей қалу қауіпі тағы бар дейдің сала мамандары. Сондықтан да, шаруаларға суды көп қажет етпейтін дақылдарды егу туралы кеңес беріліпті.

Шынар Оразова