Құтыру ауруы жайлы және одан сақтану жолдарыменсіздерді Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Тұрымбетова Айгүл таныстырды.
Құтыру – орталық жүйке жүйесінің зақымдануының күшеюімен сипатталатын, адамдар мен жануарлар үшін өлімге әкелетін жануарлар мен адамдардың жіті жұқпалы ауруы.
Құтыру вирусы табиғатта жабайы хайуандар арасында айналымда болады (түлкі, қасқыр, қарсақ, кеміргіштер), сонымен қатар үй жануарлары арасында да (ит, мысық, сиыр, қой, жылқы, түйе т.б.). Үй жануарлары ауырған жабайы аңдармен жанасу кезінде жұқтырады.
Ауру жануарлардың (хайуандардың) сілекейі арқылы жарақаттанған теріге түскен жағдайда жұғады, одан әрі орталық жүйке жүйесін зақымдайды да, бас пен жұлын миында жинақталып көбейеді, сілекей бездерімен сыртқы ортаға бөлінеді.
Шымкент қаласында 2021 жылы адамдар арасында құтыру ауруы тіркелмеді. Қала бойынша жануарлардан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген 2746 адам тіркелді, 2020 жылмен салыстырғанда жарақаттанғандардың саны 7,4 пайызға төмендеген (2020ж.-2909 жағдай).2022 жылдың 3 айында жануарлардан жарақат алып медициналық көмекке жүгінген 530 адам тіркелді. 2022 жылдың басынан жануарлар арасында 1 құтыру ауруының ошағы Абай ауданында тіркелді.
Құтыруды қалай жұқтырады?
Адам мен жануарлар құтырумен ауырған жануардың тістеуі, сілекейлеуі арқылы жарақатталған тері мен шырышты қабықшалармен енуі арқылы ауруды жұқтырады. Құтыру сілекей арқылы беріледі. Әсіресе бастан және қол саусақтарынан жарақат алған жағдайлар өте қауіпті.
Құтыру ауруының емі жоқ! Алайда алдын алуға болады. Құтырған немесе оған күдікті деген жануарлардан жарақат алған адамдарды сақтап қалудың бірден-бір жолы — антирабикалық вакцина және антирабикалық иммуноглобуллин егу. Құтырудың алдын алу мақсатында жануардан жарақатталып, тістелінген, тырналынған және сілекейленген жағдайда адамдардың барлығы құтыруға қарсы екпе курсын алу үшін тұрғылықты жері бойынша медициналық мекемелерге медициналық көмекке қаралуы керек. Жануарлардан зардап шеккен адамдар бірінші кезекте дер кезінде жарақат алған жерді сабынды таза сумен мұқият жуып, жарақаттың айналасын 70 пайыздық спиртпен немесе 5,0 пайыздық йод ерітіндісімен залалсыздандырып, дәрігерлік көмекке қаралғанға дейін алғашқы көмек дер кезінде көрсетілуі керек.
Егер белгілі иттен немесе мысықтан жарақат алса, жануарды мал дәрігеріне көрсету керек. Мал дәрігері 10 күндік бақылауда ұстап, сау болса – анықтама береді. Жарақаттанған адамға осы аралықта 3 рет егу тағайындалады (0,3,7 күндері). Ал егер де жарақаттаған жануар қашып кетіп, табылмаса, белгісіз болса немесе өліп қалған жағдайда 5 рет егу тағайындалады (0,3,7,14, 28 күндері).
Қалада жануарлардан жарақат алған адамдарға антирабикалық көмекті №2 қалалық ауруханада жүргізіледі, мекен жайы: Жандосова көшесі, №92 үй.
Құтыруға қарсы екпе тегін егіледі!
Сондықтан мінезінде өзгерістер байқалған жануарларды қамау керек, балаларды күдікті жануарлардан аулақ ұстап, дер кезінде мал дәрігерін шақыру керек. Ит, мысық асырау үшін мал дәрігеріне көрсетіп, кеңес алып, тіркеп, құтыру ауруына қарсы вакцина ектіру керек.
Иесіз қаңғыбас иттерді ұстайтын қалада 4 топ құрылған, байланыс телефоны: 24-75-35